Украина: Донбасс үшін шайқас жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина: Донбасс үшін шайқас жалғасып жатыр

21.06.2022

Еуропа одағы Украинаға кандидаттық мәртебе беру мәселесін қарастыруға жақын. Президент Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей осыған байланысты шабуылды тіпті күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, Ресей армиясы Харьковқа өтуге қайта әрекет жасап жатыр. Ал, Северодонецксте «Азот» зауыты ғана украиналықтардың бақылауында қалды.

Ресейлік журналист болса, нобельдік медалін сатып, украиналық балаларға миллиондаған доллар аударса, Литва Ресей мен Калининград арасында жүк тасымалына тосқауыл қойып отыр. 

Украинаның шығысында шайқас жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, украин сарбаздары Северодонецк қаласында тек «Азот» химиялық зауытын ғана ұстап тұр. Онда жауынгерлермен бірге 300-дей бейбіт тұрғын бекінген. Және де қазір Лисичанск, Славянск, Авдеевка, Северск, Бахмут, Харковь бағыттарында да ресейліктер мен жергілікті күштер арасында қақтығыстар жүріп жатыр.

Ал, президент Владимир Зеленский Донбасстағы жағдайды «өте қиын» деп сипаттады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Ең қиын шайқас сонда. Бірақ, ол жақта біздің мықты жігіттеріміз бен қыздарымыз бар. Басқыншылар жауапсыз қалмайды. Мен олармен күресіп жатқан армияға және барлау қызметіне алғыс айтқым келеді.

Зеленский кеңсесінің дерегінше, әскери жанжал басталғалы, Украина қарулы күштерінен 10 мың жауынгер қаза тауып, 30 мыңдайы жараланған. Ресей болса, наурыздан бері құрбандарының саны жайлы мәлімет таратқан жоқ. Ал, британ барлаушыларының дерегінше, Ресей Украинаның теңіздегі аумағына бақылау орната алмай жатыр.

Айта кетсек, маусымның 17-де Украина батыстық серіктестерінен алған кемеге қарсы Harpoon жүйесін алғаш рет сәтті қолданғанын жариялаған еді.

Нобельдік медаль 103,5 млн долларға сатылды

Ал, ресейлік «Новая газетаның» негізін қалаушылардың бірі және бас редакторы – Дмитрий Муратов Нобельдік сыйлығының медальін аукционда 103 миллион долларға сатып, бұл қаражатты үйлерінен босып кеткен украиналық балаларға аударатынын жариялады.

Дмитрий Муратов, Нобельдің бейбітшілік сыйлығының лауреаты, ресейлік журналист:

Менің ойымша, украиналық балаларға көмектесу мақсатында Нобель сыйлығының медалін сату өзім үшін өте маңызды. Өйткені, мен Ресей азаматымын және Ресей Украинаға басып кірді. Сол үшін мен де жауапкершілікті сезінемін.

Ал, маусымның 18-нен бастап Литва өз аумағы арқылы Ресейдің Калининград облысына жүк өткізуді тоқтатты. Өйткені, Еуропа одағы Мәскеуге жариялаған санкцияның талабы сондай. Бұл тыйым материктік Ресей мен Калининград арасындағы теміржолдық тасымалды 50 пайызға қысқартайын деп отыр.

Кремль болса, блокада үшін Вильнюсті жауапсыз қалдырмайтынын ескертті.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу