Мемлекет басшысы Қатар экономикалық форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қатар экономикалық форумына қатысты

21.06.2022

Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі өте тығыз. Күні кеше ғана Иран еліне барған мемлекет басшысы бүгін Доха қаласына жұмыс сапарымен барды. Ең әуелі президент Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Әңгіме барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайту мәселесіне назар аударды.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар экономикалық форумына қатысты. Ауқымды шара «Блумберг» агенттігінің қолдауымен өтіп жатыр. Биылғы басты тақырып мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесіне арналған. Жиынға сондай ақ Того, Намибия және Грузия елдерінің көшбасшылары қатысып жатыр. Форум барысында «Қасым-Жомарт Тоқаевпен сұхбат» атты арнайы панельдік сессия өтеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар форум аясында Мемлекет басшысы Грузияның Премьер-министрі Ираклий Гарибашвилимен кездесті. Әңгіме барысында екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Олардың ішінде сауда-саттықты арттыру, жүк тасымалын көбейтуге ерекше назар аударылды. Келесі айдың аяғында Грузияның Премьер-министрі Қазақстанға келуді жоспарлап отыр.


Хабарламаларға жазылу