Кеше елордада дәстүрлі марафон өтіп, оған төрт мыңнан астам адам қатысты. «Nursultan Half Marafon-2022» деп аталған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылармен қатар 24 елден арнайы ат басын бұрғандар да бар.
Марафоншылар таң ата Экспо алаңына жиналды. Алдымен бәрі жаттығу жасап, бір-біріне сәттілік тіледі. Қатысушылар 21 және 10 шақырымды бағындыруы тиіс. Сондай-ақ скандинавиялық таяқпен 10 шақырымды жүріп өту керек.
Шараға келгендер арасында Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шымкенттен бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Эфиопия, Жаңа Зеландия, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген шетелдіктер де көп. Олардың ішінде жасы да, жасамысы да бар. Мәселен, елордалық 75 жастағы қария ең ұзақ 21 шақырымды жүгіріп өтті. Бұл шараға ақсақал алғаш рет қатысып отырған жоқ. Ол белсенді марафоншылардың бірі.
Марафон қортындысы бойынша ұзақ қашықтықты бағындырып, мәреге жеткен жеңімпаздар ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды.