Украинада астық көлемі 2 есе азаюы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада астық көлемі 2 есе азаюы мүмкін

14.06.2022

Украинада астық көлемі екі есе азаюы мүмкін. Себебі алқаптарда миналар шашылып, диқандар егін оруға үрейленіп отыр. Оның үстіне қазір елде дәнді-дақылды сыртқа шығаруға да мүмкіндік жоқ. Украина мен Ресей ірі астық экспорттаушы елдер екенін ескерсек, әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Біріккен ұлттар ұйымы осылай деп дабыл қағып отыр.

БҰҰ мәлімдемесі

Қарулы қақтығыс әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қиындатады

Украинаның Николаев облысында бидай мен күнбағыс пісіп, жинауға дайын тұр. Алайда диқандар егіс алқабында трактормен жүруден үрейленеді. Себебі айналада миналар шашылып жатыр. Елдің шайқас жүріп жатқан өзге облыстарында да осындай ахуал.

Владимир Онищук, жергілікті шаруалар қауымдастығының директоры:

Біз мына миналарды егістен наурыздың 9-да жинап алдық. Барлығын тауып бітпейінше, тракторшылар жұмысқа кіріспейді.

Биыл Украинада өнім екі есе азаяды деген ақпарат бар. Былтыр елде 86 млн тонна астық жиналса, биыл небәрі 48 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Бұған Ресеймен арадағы қарулы қақтығыс салдарынан егіс алқаптарының жарамсыз болып қалуы себеп. Айта кетсек, Украина да, Ресей де ірі астық экспорттаушы елдер. Ал, әскери қақтығыс басталғалы Украина дәнді-дақылдарын сыртқа шығара алмай отыр. Себебі Ресей елдің Қара теңіздегі порттарын блокадаға алып, экспорт тоқтап қалды. Салдарынан Украина қоймаларында 25 млн тоннадай астық жиналып қалған.

Владимир Онищук, жергілікті шаруалар қауымдастығының директоры:

Астық экспортының 70 пайызы теңіз порттары арқылы жүзеге асатын. Соңғы жылдары бұл мақсатқа орай көптеген портты қайта жөндеуден өткіздік. Алайда олардың барлығы ақпанның 24-нен бері бұғатталып тұр.

БҰҰ болса, астық тапшылығы мен азық-түліктің қымбаттауына алаңдаулы. Халықаралық ұйым әлемде миллиондаған адам ашаршылыққа ұшырайды деп дабыл қағып отыр.

Цюй Дунъюй, БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының бас директоры:

Украинадағы соғыстың және дүниежүзіндегі басқа да қақтығыстардың жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне салдары кешенді талдауды, техникалық тәсілдер мен дұрыс әрекеттерді талап етеді. Азық-түлік, жем, тыңайтқыш және жанармай экспортын қысқарды. Азық-түлік бағасы одан әрі өсіп, 2023 жылы астық тапшылығы өткір болуы мүмкін.

Украина астығын экспорттау үшін қауіпсіз дәліздер ашу мәселесі талқыланып жатыр. Алайда одан нәтиже жоқ. Киев Мәскеудің қойған шарттарын қисынсыз деп тапса, Кремль Ресейден халықаралық санкцияларды алып тастауды талап етіп отыр. Екі мемлекет арасындағы қарулы қақтығыс қашан аяқталары белгісіз.

Северодонецкте соңғы көпір жойылды

Соңғы мәліметтерге сай, Ресей әскері Украинаның шығысындағы Северодонецкте соңғы көпірді жойды. Осылайша, қаладан халықты эвакуациялайтын жол жабылды. Ресей әскері Северодонецк пен көршілес Лисичанскті алып, Луганск облысын толық басып алуды жоспарлап отыр. Ал Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, Украина қарулы күштері ақпанның 24-нен бері мыңнан астам елді мекенді азат еткен.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу