Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен Алматы полициясы тергеу жүргізіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен Алматы полициясы тергеу жүргізіп жатыр

12.06.2022

Сырттағы қазанға заңсыз кеткен қаржыны ел қазынасына қайтару керек. Президент ақпанда үкіметке осыны тапсырып, екі ай ішінде ұсыныстар әзірлеуді жүктеген еді. Одан кейін сәуірде, маусымның басында Бас прокурор Берік Асыловты Ақордада қабылдап, жұмыстың қалай жүріп жатқанын пысықтады.

Ал маусымның 5–і күні шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтару жөніндегі мекемеаралық комиссия құру туралы жарлық шықса, осы аптада оның құрамы белгілі болды. Комиссияға Бас прокурор және оның орынбасары, Ұлттық банк төрағасы мен премьер-министрдің орынбасарлары, Самұрық-қазына басшысы мен Бәсекелестікті қорғау, Қаржы нарығын реттеу, Қаржы мониторингі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің төрағалары кіреді. Сондай-ақ ішкі істер мен әділет министрі де жауапты.

Демек, президенттің «ойын ережесі өзгерді» деген ишарасы сөз жүзінде қалған жоқ. Жалпы, қаңтардан бері Кәрім Мәсімовтен бастап Қайраттардың қамалғаны, бұрынғы мәдениет және спорт министрі күдікке ілінгені сияқты елді елең еткізген жаңалық аз болмады.

Ал осы аптада соңғы қызметін осы мәдениет және спорт министрлігінде атқарған, бірақ ел есінде Шымкенттің экс-әкімі ретінде қалған «Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен Алматы полициясы тергеу жүргізіп жатыр» деген ақпарат тарады. Алайда «Қазақстанда жұмыс істеп, Лондонда демалуды жақсы көретін» бұрынғы шенеунік мұны растамай отыр.

Ақ-қарасын құзырлы органдар анықтар.


Хабарламаларға жазылу