Түркістан облысында тарыққан жұрт арық суын ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тарыққан жұрт арық суын ішіп отыр

09.06.2022

Миллиондап ақша бөлсе де, ауыз суға жарымады. Түркістан облысындағы Ақжол мен Қауыншы ауылдарында ұңғыманы қанша қазса да таза су жоқ. 10 жыл бұрын бюджеттің 100 миллион теңгесіне құбыр тартылғанымен, ауылға су келмеді. Мердігер сотталып кетті. Соған қарамастан, былтыр 900 миллион теңгеге жуық қаржы тағы бөлінді. Бірақ, белден қазса да бір тамшы су шықпай, ақыры жұрттың күні арықтағы суға қарап қалды.

Ауыл тұрғыны Ержан Сманов бүгін қолдан қазып алған құдығына тағы бес тонна су құйдырды. Әрі кетсе екі апта пайдаланады. Таусылса тағы сатып алуға тура келеді дейді.

Ержан Сманов, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

Айына қыстыкүні бес тонна су кетеді, ішіп қоямыз бес тоннаны да. Ал, қазір шілдеде екі рет құйдырамыз. Он мың теңге кетеді әшейін қара судың өзіне, он мың теңге кетеді. Кір жуғанға да осыны қолданамыз, ішкенге де қолданамыз. Малға бергенді де осыны қолданамыз.

Өзбекстанмен шекарада орналасқан екі елдімекеннің халқы қазір көрші елден келетін арықтың суын тұтынуға мәжбүр. Яғни ағын су малға да , адамға ортақ. Іші толған қоқыс. Бірақ амал жоқ. Сапасыз су ішкен соң ауылда ауру-сырқау көбейген.

Зейнегүл Қожахметова, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

Арықтың ішін көрсеңіз ана жерде баклашка да жатыр, мусор да жатыр. Адам көрмеген нәрсенің барлығы малдың боғы да, қи да жатыр. Мінекей соның бәрі ағып келеді арықтан да, біз соны ішеміз. Мінекей, больницаға барсаң қазір екінің бірі іш ауру. Қайнымның баласы іші ауырып, тағы түсті больницаға.

Жергілікті халықтың ауылдан суы шықпайды дегеніне қарамастан биліктегілер өткен жылы сумен қамтуға 893 миллион теңге бөлген. Бірақ бұл жолы да жерасты суы шықпай, жұрттың тағы салы суға кетті. Қазір бірлі жарым көшедегі қазылған шұңқырлар ашық шашық күйде қараусыз жатыр.

Гауһар Жораева, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

Он жыл бұрын істеген, өкіметтің ақшасы кетті аспанға ұшып. Енді қазір ол кезде жүз қанша миллион болса, қазір 893 млн бөлініп отыр осыған. Бірақ істеген жұмыстарын көрсеңіз адам жылайды. Техникасы жоқ. Грейдерді алты ай шақырып, августен бері шақырып келген жоқ. Қазір қанша болды уақыт, уже бір жылға жақын.

Салаға жауаптылар бастапқыда су осы жылдың сәуір айында беріледі деп уәде еткен. Алайда енді бұл уәдесінен айнып, жыл соңында жұмысты аяқтаймыз деп отыр. Алайда, жоспарланған тереңдіктен су шыға ма жоқ па, ол жағы беймәлім.

Санжар Амангелдиев, Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Су барлау жұмыстарын жүргізген облыстық оңтүстік облыстық энергетика басқармасы. Заключение берген қортынды. Ол жерде 100 метр деп берген, мердігер соғай сәйкес қазды 100 метрді. Бірақ судың дебиті аз. Енді екі көлемінде жүргізеді құрылыс жұмыстарын, ары қарай результатын көреміз, қортындысын.

Мердігер суды қажетті көлемде шығару үшін жерді әлі қанша қазатынын да дөп басып айта алмады. Ал, таза суға жарымай, таңдайы кепкен тұрғындар жоба он жыл бұрынғыдай тағы аяқсыз қалады ма деп қорқады. Ол кезде де бұрғылау жұмыстары жүргізілгенімен су шықпай, құбырлар қаңсып босқа қалған.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу