Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрін қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фейсал бен Фархан әл Сауд кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақты нығайтуды талқылады. Осы ретте ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, туризм, тау-кен металлургиясы және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы инвестициялық мүмкіндіктердің бар екені айтылды. Бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру маңызды. Сондай-ақ президент тиісті келіссөздерді жүргізу үшін өкілетті үкіметтік делегацияны Эр-Риядқа жіберуге дайын екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз ортақ құндылықтарға негізделген саяси диалогты достық пен өзара сенім рухында дәйекті түрде дамыта береді. Қос киенің сақшысы Король Салман бен Әбдел Әзизбен және Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен арадағы табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенімізді білдіремін.
Фейсал бен Фархан Әл Сауд, Сауд арабиясының сыртқы істер министрі:
Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар дәйекті түрде дамып келе жатыр. Сауд Арабиясы Корольдігі Сіздің басшылығыңызбен Екінші Республиканы құру ісінде және Қазақстанның одан әрі өркендеуіне бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруды жалғастыруда табыс тілейді.