Ұлыбританияда сайлаушылардың 94%-ы өзгерістерді қолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда сайлаушылардың 94%-ы өзгерістерді қолдады

06.06.2022

Референдумның қорытындысы Ұлыбританияда да белгілі болды. №244 сайлау учаскесінің комиссиясы бюлеттендерді санап, Конституциядағы өзгерістерді қанша адам қолдағанын немесе қарсы болғанын анықтады. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бізбен байланысқа шықты. Марина, қайырлы күн. Сонымен саяси маңызды науқанның алғашқы қорытындылары қандай?

Марина Бекенова, тілші:

Алдымен Тұманды Альбионда уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыздың қаншасы таңдау жасағаны туралы ақпарат бере кетейін. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне дауыс беремін деп тіркелгендердің 55 проценті азаматтық борыштарын өтеді. Түс ауа келушілердің қатары артып, олардың басым көпшілігі қоғамның қозғаушы күші - жастар болды. Ал енді конституциялық өзгерістерді қолдағандар туралы айта кетейін. Сайлаушылардың басым көпшілігі конституциялық өзгерістерді қолдаған.

Жанболат Үсенов, №244 дауыс беру учаскесінің төрағасы:

94 пайызы референдумға шығарылған конституциялық өзгерістерді «иә, қабылдаймын, мақұлдаймын» деп дауыс берді. Меніңше, референдум өте сәтті өтті. Ешқандай қателер, заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.

Сайлау учаскесіне келгендердің 5 пайызы қарсы дауыс берген, ал жарамсыз деп табылған бюллетендердің саны 1 пайыз. Халықтың көңіл-күйі өте жақсы болып, референдумға белсенді қатысты. Ата-аналарын немесе балаларын ертіп келген сайлаушылар да азаматтық борыштарын өтеуге асықты. Тарихи күнді таспада қалдырғысы келгендер дауыс беру жәшігінің алдында фотоға түсіп, бір-бірін құттықтап та жатты. Елшілік қызметкерлері дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін, учаскенің үздіксіз жұмысын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін бар күшін салды.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу