Референдум – әлемдік БАҚ назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдум – әлемдік БАҚ назарында

06.06.2022

Қазақстандағы референдум әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Саяси науқан туралы 200-ден астам шетелдік журналист жазып жатыр. Көбі елімізге арнайы келді. Олар өз жұмыстары жайлы Ұлттық арнаға сұхбат беріп, алған әсерлерімен бөлісті.

Словакиядан келген Павел Новодний Қазақстандағы саяси науқан туралы бүгін бірнеше хабар дайындап үлгерген. Сағат сайын шетелдік байқаушылардың брифингіне қатысып, газетке ақпарат беріп жатыр.

Павел Новодний, журналист (Словакия):

Мен Қазақстандағы саяси науқанды өз көзіммен көріп, мақала жазу үшін Словакиядан келдім. Бүгін бірнеше референдум учаскесінде болып қайттым. Біздің газет онлайн форматта да шығады, сондықтан қазір қысқа мәліметтерді интернетпен бірден жіберіп жатырмын. Ал кейін көлемді материал жазамын.

Ал Иржикевичос Русланас Литвадағы 2 халықаралық интернет сайттың бас редакторы. Қазақстанға келгелі талай адамнан сұхбат алған. Олардың бәрін зерделеп, сараптамалық бағытта мақала жазбақшы.

Иржикевичос Русланас, «Lietuvos rytas» газетінің бас редакторы (Литва):

Бір мақаланы литвалық оқырмандарға арнап литва тілінде шығару жоспарымда бар. Бұдан бөлек, халықаралық медиа үшін ағылшын тілінде бірнеше ақпараттық материал жазуды көздеп отырмын. Бұл үшін бірнеше референдум учаскісінде де болып қайттым. Дауыс беріп жатқан адамдармен сөйлестім. Жалпы, бүгінгі саяси науқан өте жақсы өтіп жатыр.

Ал грузиялық журналист Нино Мешвелиали бүгін өзін әрі журналист, әрі турист санайды. Шетелдік мейман қазақ елінің қонақ жайлылығы мен әсем табиғатынан өте жақсы әсер алған. Саяси науқанға қатысты пікірін де білдірді.

Нино Мешвелиали, «Гза момавлиса» журналының бас редакторы (Грузия):

Тұрғындармен кездесіп, сұхбат алғанда олардың референдум туралы көп білетінін байқадым. Әсіресе жастар бүгінгі саяси науқанның маңызын терең түсінеді. Бұл өте жақсы ғой. Яғни, референдум бойынша ақпараттандыру жұмысы тыңғылықты жүргізілген.

 Бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Орталық коммуникациялар қызметімен бірлесіп күні бойы халықаралық байқаушылардың брифингін өткізді. Ақпараттық орталық отандық және шетелдік журналистер үшін жедел хабар таратуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу