Қазақстан халқы ел дамуы мен бірлігінің, азаматтар құқықтарының мүлтіксіз сақталуының кепілі - Конституция күнін жан-жақты атап өтуде. Ата Заң 19 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтауы
Қымбатты отандастар!
Барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын.
19 жыл бұрын осы күні халқымыз бүкілхалықтық референдумда Қазақстанды зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретінде жариялаған Ата Заңды қабылдады.
Конституциялық құрылыстың негізгі тірегі ретінде халық бірлігі, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылық қоғамымыздың ерекше құндылықтарын құрайды.
Мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына жол ашқан Конституцияның әлеуеті жоғары экономикалық өрлеу мен азаматтар әл-ауқатының артуын қамтамасыз етеді.
Біздің Конституциямыз «Қазақстан-2050» Стратегиясының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі жөніндегі тарихи мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың берік негізі.
Келесі жылы республикалық референдумда еліміздің Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толады. Ата Заңымыздың мерейтойы жалпымемлекеттік деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен бірге тойланады. Осы екі айтулы оқиға жылнамамыздағы ортақ байланысты құрайды.
Барша қазақстандықтарға шын көңілден бейбітшілік пен ынтымақ, табыс пен құт-береке тілеймін!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ