Басты Жаңалықтар Футболдан Қазақстан құрамасы Әзірбайжанды 2:0 есебімен жеңді

Футболдан Қазақстан құрамасы Әзірбайжанды 2:0 есебімен жеңді

Қазақ футболшылары елге жеңіс сыйлады. УЕФА аясында өтіп жатқан Ұлттар лигасының алғашқы айналымында Қазақстан құрамасы Әзербайжанды 2:0 есебімен жеңді. Ойынның екінші жартысында шабуылшы Абат Айымбетов екі гол салып, жанкүйерлер үмітін ақтады. Осылайша ұлттық құрама үш ұпаймен С тобында бірінші орынға шықты.

Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен бұған дейін 8 рет кездесіп, соның төртеуінде жеңіске жеткен. «Астана Аренаға» жиналған жанкүйерлер жігіттердің бесінші жеңісіне куә болды. Бас бапкер Магомед Адиевтың ұлттық құрамадағы алғашқы ойыны қоржынға үш ұпай салып берді. Бірінші таймда капитан Асхат Тағыберген бастаған футболшылар қарсыласты зерттеп, әлсіз жерін іздеді ме, әйтеуір ойын жүрмеді. Керісінше әзербайжандардың гол салатын бірнеше мүмкіндігі болған. Алайда қақпашы Шатских оңай шағылар жаңғақ емесін тағы бір дәлелдеген кеш болды.

Рымбек Ізғали ,футбол сарапшысы:
Бірінші тайм біздің ойын жүрмеді. Бірақ бапкердің шеберлігі көрініп тұрды. Қазақстанның бірінші таймдағы нашар ойыны қарсыластарға алдамшы эффект берді деп есептеймін.

Үзілісте бас бапкер жігіттердің жігерін қалай оятқанын білмейміз, бірақ матчтың екінші жартысында біздің ойын 180 градусқа өзгерді. Елуінші минутта шабуылшы Абат Айымбетовтың шірене тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп барып голға айналды. Қақпашы секіруін секірді-ақ. Бірақ біздің Бенземаның соққысы оған бой берсін ба? Есеп 1:0

Қосалқы құрамнан шыққан Рамазан Оразов та қарсылас қақпасынан саңылау тапқан. Венгриялық төреші Истван Вод голды есептеген жоқ. Оффсайд. Араға он минут салып тағы сол Айымбетов аккробатикалық әдіспен есепті 2:0-ге жеткізді. Жиналған жиырма мың жанкүйердің алғысына бөленді.

Әзербайжан құрамасының фанаттары «футбол ойнай алмайтын қазақтардан да жеңілдік» деп жерлестеріне ренжіпті. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында біздің жеңісті мойындағысы келмеген Әзербайжанның бас бапкері Джанни де Бьязи «қазақтардың жолы боп кетті. Бары сол ғана» дегенін естідік. Бұндайда Магомед Адиев қарап қалсын ба?

Магомед Адиев, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Әзірбайжан бапкерінің сөзі көп. Ойынға дейін де, ойыннан кейін де түрлі әңгімелер айтты. Біздің құрама сөзбен емес, іспен дәлелдейді. Бәрін есеп көрсетіп тұр. Бұған алып қосарым жоқ.

Жігіттер жарады. Бірақ, той тойлап кететін уақыт жоқ. Екі күннен ұлттық құрама Словакияға қонаққа барып, доп тебеді. Ол ойынға да футболшыларымыз сақадай саймыз деп отыр.

Бөлісу