Мемлекет басшысы рәміздер күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы рәміздер күнімен құттықтады

04.06.2022

Тәуелсіздігіміздің нышаны мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына бүгін 30 жыл. Осы мерейлі күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы басты көк байрағымызды көтеру салтанатына қатысты. Президент тұрғындарды осынау қастерлі мерекемен құттықтап, бұл күннің айрықша мерейлі әрі маңызды екенін атап өтті. Мемлекеттік рәміздер елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақтанышы және абыройы деді. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаздыққа деген табанды ұмтылысын білдіреді. Президент басты құндылықтарымызды құрметтеу – перзенттік парыз екеніне назар аударып, оған немқұрайлы қарап, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге, жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Осы орайда, бүгінгі салтанатты іс-шараның тәрбиелік мәні өте зор. Ту көтеру – аса маңызды оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім. Халқымыз тарихи таңдауын жасайтын сәтте алып байрағымыздың көкте желбіреуін жақсы ырымға балаймыз.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицер шенін тапсырды. Күш құрылымдары мерекеге орай сап түзеп, шерулетті. Шара соңында президент қала тұрғындарымен жүздесіп, әңгімелесті.


Хабарламаларға жазылу