Елімізде алғаш рет «Толағай» алыптар сайысы ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғаш рет «Толағай» алыптар сайысы ұйымдастырылды

04.06.2022

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы аясында Алматы облысында «Толағай» алыптар сайысы өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған додада 30 батыр жарыстың бес түрінен өзара күш сынасты. 

Ең алдымен балуандар салмағы 10 келіден асатын найза лақтырудан сайысты. Жарыс ережесі бойынша ең алысқа лақтырған азамат жеңімпаз саналады. Екінші сайыста батырлар жуан темір майыстырды. Ал үшінші сайыста 141 келі тартатын тас көтеріп жүріп өту болды. Көрерменнің делебесін қоздырған дәл осы сайыста Қастер Сарқытбек есімді спортшы дәу тасты 40 метрден астам жерге апарып тастады.

Төртінші сайыс талабы бойынша спортшылар 100 келелік бөренені иығына қойып отырып тұру керек болды. Бұл сайыста да жігіттер тамаша өнер көрсетті. Ал бесінші турда 500 келі жүк тиелген арбаны орнынан қозғалтып қана қоймай құмның үстінде сүйретіп жүру керек. Білектің күші мен жүректің рухына сенген толағайлар бұл жарыста да барын салды.

Темір Сыпатаев ,бас төреші:
Жастарымыз осыған тәрбиеленіп өнеге көріп өссе екен. Ауылдың азаматтары темірлерін майыстырып, тастарын көтеріп, спортпен шыңдалып, біліммен нұрлнып, нағыз қайсар, білекті білімді айбындаы азаматтарымыз шықса екен деген арманым өте мол.

Бес сайыс нәтижесінде үшінші орынды Қастер Сәрсенбек жеңіп алса, ауыр атлет Ибрагим Берсанов екінші орынды қанағат тұтады. Ал жеңіс тұғырына Дәурен Кауменов көтеріледі.

 Дәурен Кауменов, алыптар сайысының жеңімпазы:
Келешек ұрпақ үшін ғой. Әрбір қазағым аман болсын! Ұрпақтарымыз осындай алып болсын! Батыр болсын!

 Ұйымдастырушылар алыптар сайысын келешекте республикалық деңгейде, одан кейін халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр. Салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қазақ батырларын танымал ету басты мақсат.


Хабарламаларға жазылу