Оралда тұңғыш рет балалар арасында көкпар мен аударыспақтан ашық біріншілік өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда тұңғыш рет балалар арасында көкпар мен аударыспақтан ашық біріншілік өтті

02.06.2022

Оралда тұңғыш рет балалар арасында көкпар мен аударыспақтан ашық біріншілік өтті. Екі күндік жарысқа білекті де жүректі жеткіншектер қатысып, бақ сынады. Әріптесім Ардақ Мұратқызы жарыстың көрігін қыздырған үздік шабандоздармен тілдесіп қайтқан еді.

Аттың басын ұршықша иірген Айбарыс 7 жастан бастап бәйгеге шапқан. Талай дүбірлі додада бас жүлдені жеңіп ап, облыстың «Үздік шабандозы» атанды. Көкпармен былтырдан қалалық ат спорты бөлімі ашылғалы айналысып келеді.

Айбарыс Миразат, шабандоз:

Көкпар – өте қауіпті спорт. Ат бір-бірін түйгенде құлап, неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ қатты берілген адам қиыншылыққа, ауыртпалыққа қарамайды. Көкпар атың да батыл, рухты болуы керек. Яғни сен атыңа, атың саған сенуі керек. Екеуі бір-біріне сеніп, әдемі ойын көрсетуі керек.

Айтқандай, «Орал» спорт клубының командасы қарсыласын 4/1 есебімен ұтып, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Көкпар тартып, бәйге алып, аударыспақта білек сынасқан балалардың қызығын тамашалаумен қатар, көпшілік өздері де атқа мініп, сейіл құрды.

Мирас Есқалиев, қала тұрғыны:

Жарыс көрсін деп кішкентай балаларымызды алып келіп тұрмыз. Балам 4 жарым жаста. Атқа мініп үйренсін, көрсін деп.

Еламан Жармағамбетов, ауыл түрғыны:

Керемет өтіп жатыр. Жаңа айқайлаймыз деп командаға дауысымыз кетіп қалып тұр. Күн де керемет. Бала – біздің болашағымыз. Әрі қарай да үйрете береміз деп ойлаймын. Ұлттық спорт, ұлттық дәстүр дами берсін.

Ақмоншақ Жұмаева, «Орал» спорт клубының әкімгері:

Қазақ айтады ғой, баланы 5 жасында тоқымын қағып, 7 жасында ашамайына мінгізіп, атқа отырғызады деп. Қала балаларында ондай мүмкіндік жоқ еді. Бірақ сол мүмкіндік осыдан бір жыл бұрын туды. Бүгінде 70-тен астам спортшы, Сырым, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау аудандарынан және Орал қаласы ұлттық спорт мектебінен командалар келіп, тартысты додаға түсуде.

Биыл Балалар жылы аясындағы іс-шараларға 4 млрд теңге бөлініп отыр. Оның аясында атпен тегін серуендеу, коньки тебу, бассейінде жүзу үйірмелері ашылады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу