Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары

29.05.2022

Осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барды. Алатаудың ар жағындағы ағайынмен байланысымыздың қаншалықты терең екенін айтып, тарихи оқиғаларды тізіп шығу артық шығар. Дегенмен, түгел түркінің ежелгі дала «илиадасына» айналған Манас жырынан үзінді келтіргім келеді. «Атам – Жақып, Манаспын, Арғы ұрығым – Алашпын!» - деп, қырғыз батыры қазақпен бір туғанын меңзесе, әйгілі эпосты алғашқы болып қағазға түсірген де - қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов. Иә, ежелден аралас-құралас қос елдің қазіргі қарым-қатынасы да сол деңгейде сақталып отыр. Биыл - Қазақстан мен Қырғызстанның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президент сайлауынан кейін лауазымға ресми кірісе сала бірден Бішкекке барғанын атап өткім келеді. Ал сол жылдың қарашасында Қырғызстанға мемлекеттік сапары ұйымдастырылды. Тоқаев сол кездегі қырғыз президенті Сооронбай Жиэнбековпен екі елдің сауда-саттығын 1 миллиард долларға дейін жеткізу жөнінде келіскен еді. Жоспар жүзеге асты. Былтыр екі мемлекет 1 миллиард долларға сауда жасаған. Қасым-Жомарт Тоқаев енді Садыр Жапаровпен алыс-берісті 2 есе арттыру туралы келісімге келді. 

Дегенмен, қос ел арасында оқтын-оқтын көтерілетін 2 басты мәселе бар. Суға талас пен шекарадағы тексеріс. Көршілеріміз «Қазақстан кедендік бекетте кедергі көп келтіреді, қырғыз көліктерін ұзақ тексеріп, салдарынан азық-түлік бүлініп кетеді» деп ренжитіні бар. Бірақ біздің жақ «бұдан басқа амал жоқ», - дейді. Өйткені Қырғызстан арқылы заңсыз қару-жарақ, есірткі, не контрабандалық тауар өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл саяси талап емес, техникалық тәртіп. 

Иә, көрші елде кедендегі кептеліске жауап ретінде «Қазақстанға су жібермейік» деген ұсыныс айтып, ұпай жинағысы келетіндер де бар. Дегенмен, жоғары деңгейдегі келіссөздерде мұндай әңгіме жоқ. Тоқаев Бішкекте «Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік», - деп нақтылады. 

3 жыл бұрынғы мемлекеттік сапардан мынадай жылы сәт есте қалды. Қырғыз жеріне қонақ болып барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Сооронбай Жиэнбеков әуежайда өзі қарсы алып, екеуі қызыл кілеммен қол ұстасып жүріп өткен еді. Бұл жолы Тоқаевтың Жапаровпен бірге Ала-арша резиденциясын алшаң басып, аралап серуендеген сәті көзге түсті. Демек, далалық адал достық жалғаса бермек. Шерхан Жамбылұлының материалы.

Бүгінде Қырғызстандағы басты тақырып бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары. Барлық телеарна мен сайт, газет-журналдың бірінші бетінде осы туралы ақпарат. Бұл түсінікті де бауырлас елдер арасында байланысты бекемдейтін тұс аз емес.

Бейсенбінің таңында еліміздің нөмірі бірінші борты халықаралық Манас әуежайына қонды. Мәртебелі мейманды баспалдақтан Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров кең құшақпен, ұлттық дәм бауырсақпен қарсы алды.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Ала-Арча сарайында күтіп алды. Аздап қобалжу да сезіледі. Қазақстан президенті Жапаров билікке келгелі Бішкекке ресми сапар жасап отырған алғашқы шет ел басшысы.

Сап түзеген қарауыл. Сесті әуен, қызыл кілем. Бәрі де сән-салтанатымен. Ресми шарадан кейін қос елдің басшысы резиденцияға бет алды. Қимыл ширақ, көңіл-күй көтеріңкі. Презиенттердің жұмыс кестесі өте тығыз. Ауқымды мәселелер күтіп тұр.

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз.

Былтыр елордада Жұбан Молдағалиевтің «Мен Қазақпын» поэмасынан үзінді оқыған Садыр Жапаров бұл жолы Мұхтар Шахановтан цитата келтірді.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов та ошундайша айтқан. Қазақтың журегин тыңдащаң қырғыз деп соғады.Қырғыздың журогин тыңдасаң қазақ деп соғады. Бу дуниода қазаққа қырғыздан, қырғызға қазақтан жақын ел жоқ. Еки ел ботоның еки козиндей ел деген.

Президент сапары аясында 13 бірдей мемлекет аралық құжатқа қол қойылды. Саяси, мәдени байланысты арттыру, алыс-берісті көбейту көзделген. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 1 миллиард долларды құрады. Тараптар бұл көрсеткішті жақын жылдары 2 миллиарқа жеткізуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою.

Президент сапары барысында кедендегі тіршілікке жан бітіріп, сауда-саттықты көбейтуі тиіс жаңа орталықтың негізі қаланды. Ол Қарасу-Ақтілек бекетінің маңынан бой көтереді. Сауда-логистикалық орталық Қорғастың тәжірибесін қолданбақ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ал қазір мұнда жүк көліктері шекарадан өту үшін кемінде бір-екі сағат тексерістен өтеді. Осы уақытта бұл жерде мінекей осыншама көлік жиылып қалады. Қазірдің өзінде 30-40 ы тұр. Ал, жаңа орталық шекарадағы тіршілікті жандандыра түсуі тиіс.

Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:

Жалпы тезірек келесі жылдың басында біз құрылыс этапына өтсек. 3 жылдың арасында біз орталықты бітіріп. Мысалы көкөніс жеміс-жидектер осы орталықтан переработка жасалад та, әрі қарай экспортқа жібере аламыз.

Төсекте басы, төскейде малы қосылған елдер ауыл шаруашылығы саласында да бірлесіп әрекет етпек. Өзгеден алғанша іргеден алайық дейді тараптар.

Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Респубикасының Ауыл шаруашылығы министрі:

Бізден алатын болсақ негізі бидайдан, ұннан шыққан өнімдер, сүт, жұмыртқа, құс еті ол өнімдердің бәрін біз Қырғыз Республикасына экспорттай аламыз. Қырғыз Республикасынан алатын болсақ бірнеше тауар бар.

Ыстық көл облысында қазақ капиталының қатысуымен құны 300 миллион доллар болатын күн электр стансасы салынады. Бұдан бөлек Қамбар Ата гидро электр стансасын бірлесіп соғу талқыланып жатыр. Сарапшылар егер де бұл жоба қолға алынса Орталық Азиядағы су мәселесін шешуге зор септігін тигізеді деп отыр.

Эльдар Абакиров, экономист:

Қырғызстан өзінің свет мәселесін шеше алса онда Қазақстанға уағынд су толтырып, беруге мүмкіншілік болады. Аны учун Қырғызстанға Қамбар Ата1 ГЭСін салуш керек. Айткені Қырғызстанда Тоқтоғул 20 млрд суды топтойд. Бул Қырғызстанға, Қазақстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға баарына да жетед.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек

Ал қазір әлемдегі ахуал күрделеніп тұр. Алып елдер бір-бірімен белдесіп жатқан сәтте бауырлас елдерге бірігу маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықаралық түйіткілдер жөніндегі ұстанымыз ортақ екенін атап өттік. Әсіресе Орталық Азиядағы ықпалдастық мәселесін тереңдетуге баса назар аудардық. Осы орайда көпұзамай аймақ басшыларының консультативтік кездесуін өткізуге уағдаластық.

Қырғыз тарапы Қазақстанның көптеген салалардағы жемісті жобаларын өздерінде жүзеге асырмақ ниетте. Мәселен Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысына зор қызығушылық білдіріп отыр.

Асқар Сыдықов, Халықаралық іскерлік кеңестің атқарушы директоры:

Бир ели Қазақстанмен ғана істеспей Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанмен істесіп жатады екен. Ошондықтан МФЦА-ның ұқшош түри осында болса онда көбірек инвесторлар келеді.

Бішкек қаласының дәл төрінен Ұлы Ақын Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл шет мемлекттерде хәкім құрметіне қойылған ең үлкен тас мүсіндердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мәнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді.

Көрші елдің астанасынан Қазақ Ұлттық Университетінің филиалы ашылды. Әзірге оқу орны 5 мамандық бойынша оқытады. Иә, қазақ пен қырғыз біртуған елдер. Тіліміз бен дініміз тіпті түріміз де бір. 30 жылда мемлекеттер арасында ынтымақтастыққа негізделген 180 құжатқа қол қойылған. Ағайын елдер жақындығын тек сөзбен ғана емес, іспен де көрсетіп отыр. Ал сапар соңында Садыр Жапаровтың інілік ілтипатпен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұшаққа дейін шығарып салуы қос ел басшылығының да бауырластық пен достық пейілде екенін анық аңғартады

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу