Ербол Қарашөкеев: Биыл аймақтарда 268 жоба жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ербол Қарашөкеев: Биыл аймақтарда 268 жоба жүзеге асады

24.05.2022

Суға субсидия. Енді тіршілік нәрін үнемдеген шаруаларға мемлекет қолдау көрсетеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Егістіктерді сумен қамтамасыз ету үшін оңтүстік аймақтарда ірі инвестициялық жобалар да жүзеге асырылады. 

Судың да сұрауы бар. Сондықтан енді тіршілік нәрін үнемдеуге басымдық беріледі. Егер шаруа заманауи суару жүйесін сатып алып, ол үшін инфрақұрылым тартса, кеткен шығындардың тең жартысын субсидиялау көзделіп отыр. Биылдың өзінде аймақтарда 268 жоба жүзеге асады. Судың құны да субсидияланады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
«Су беру бойынша қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылып жатыр. Онда судың бір текше метріне бөлінетін субсидия мөлшері тарифтерден пайыздық қатынаста 50%-дан 80%-ға дейін арзандатылатын болады».

Қазір Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Алматы облыстары су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша көш бастап тұр. Тағы бір жаңалық – енді диқандар суармалы жердің гектарына емес, шығындаған суға ғана ақы төлейді. Үкімет басшысы осындай тапсырма берді. Егіс суының тарифі қайта қаралуы да мүмкін. Өкінішке орай, қазір тіршілік нәрінің небәрі 60 пайызы ғана егіс алқаптарына жетіп отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
«Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені бақылауында ұстап, су шаруашылығы обьектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақытылы іске асыруға тиіс».

Экология министрі биыл Шардара су қоймасына келетін су көлемі 2 жарым есе ұлғаяды деп сендірді. Бұған былтыр күзде қолға алынған шаралар мен қолайлы климаттық жағдай мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, оңтүстіктегі суару каналдарын жаңарту бойынша 3 инвестицялық жоба іске асады.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
«Осы жұмыстардың арақсында жыл сайын 250 млн текше метр су үнемделетін болады. «5 мың км каналдарды қайта жаңарту жоспарланған. Бүгінгі күні 2,9 мың км немесе 57 пайыз канал қалпына келтірілді.

Отырыста елді газдандыру жұмыстары да пысықталды. Энергетика министрінің мәліметінше, өткен жылы 11 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген. Биыл тағы 93 елді мекенді газбен қамтып, газдандыру деңгейін 58 пайыздан асыру көзделген. Елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бойынша екі жол бар. Оның бірі - Ресейден газ тарту.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
«Екіншісі «Сарыарқа» магистарлды газ құбыры арқылы. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан кешіктіруге болмайды. Энергетика министрлігіне тиісті әкімдіктермен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп 1-қыркүйекке дейін аталған нұсқаларға кешенді бағалау жүргізіп, келісілген шешімді енгізуді тапсырамын».

Елімізде соңғы 5 жылда газ тұтыну 35 пайызға өскен. Биыл көгілдір отынды тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге жетеді деп болжанып отыр. Газдандырылған елді-мекендердің саны 1700-ден асты. Бұған қоса, өткен жылы 3 600-ден астам өнеркәсіп нысаны көгілдір отынға көшкен. Үкімет басшысы ресурстық базаны кеңейту мен геологиялық барлау жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу