Маңғыстауда алдағы 4 жылда 29 жоба жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда алдағы 4 жылда 29 жоба жүзеге асады

07.11.2022

Мемлекет басшысы Ақтауға жұмыс сапары кезінде халықпен кездесуін барша қазақтың мақтанышы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев туралы естелікпен бастады. Президент осыдан үш жыл бұрын жазушының еңселі ескерткішінің ашылуына арнайы қатысқаны айтып, Мемлекет және қоғам қайраткерінің қазақ еліне сіңірген ерен еңбегіне де тоқталды.

Әлеуметтік маңызды жобаларды созбалаңға салмай дер кезінде іске асыру қажет. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде аймақты дамытудың басым бағыттарын айқындап берді. Президент ол үшін өңдеу өнеркәсібі мен бизнесті дамыту керектігін айтты. Алдағы 4 жылда Маңғыстауда 29 жоба жүзеге асады. Сапар аясында өңірдің келешек мүмкіндіктерімен қатар бүгінгі түйіткілді мәселелері де айтылды.

Маңғыстау. Жерінің асты қазынаға, үсті аңызға толы, 362 әулие мекені. Мұнайлы аймақ ел қазынасын толтырып отырған донор облыстардың бірі. Жалпы өнім бойынша елде алғашқы бестікке кіреді. Дегенмен өңірде түйіткілді мәселе де аз емес. Аймақ орталығы Ақтаудың инженерлік жүйелерінің 75 пайызы тозған. Тосын жағдай болса, қаланың тіршілігі тұралап қалуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Үкіметке Ақтау қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жаңаөзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет. Ондағы күрделі түйткілдерді шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – бір қала үшін қомақты қаржы. Оны мақсатына сай тиімді жұмсау қажет.

Былтыр өңір жұртын қуаңшылық қос бүйірден қысты. Шөп шықпай, шаруалар тарықты. Оның қайталанбайтынына ешкім кепіл емес. Сол себепті былтырғы жағдайдан сабақ алу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жергілікті жем-шөп қорын көбейту қажет. Өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек. Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнату маңызды. Сондай-ақ, қолда бар мүмкіндікті және өңірдің ерекшеліктерін тиімді пайдаланған жөн.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Телегей теңіз қарт Каспийдің жағасында отырған өңір үшін басты мәселенің бірі ауыз су. Жергілікті жұрт әсіресе жаздыгүні тіршілік нәрінен тарығып, әбден қиналады. Судың негізгі көзі де осы теңіз. Тек тұзды суды тұщыту керек. Ал жергілікті зауыттардың қуаты жетпей, бүгінгі сұраныстың өзін толық өтей алмай жатыр.

Аймақта былтыр жаздыгүні су тапшылығы тәулігіне 51 мың текше метрге жеткен. Салдарынан кей елдімекендерге графикпен берілсе, енді кейбіріне тіпті жетпей жатты. Мұнайлы ауданының тұрғыны Рәбиға Қойманова су болмаған күні арнайы көлікпен алдыртуға мәжбүрміз дейді. Ал оған бәрінің қалтасы көтере бермейді.

Рәбиға Қойманова, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Құдығымыз босап қалған кездері водовозбен сатып алуға тура келеді. Бір мәшине 5-6 мыңға сатып аламыз. Себебі 10-15 күн күтіп қаламыз.

Келер жазда бұндай жағдай болмайды. «Каспий» су тұщыту зауытының өкілдері осылай деп сендірді. Себебі кәсіпорынға жаңа қондырғылар қойылып, қуаты тәулігіне 25 мың текше метрге дейін артқан. Атқарылған жұмысты президент арнайы келіп, өзі көрді. Зауыт өндіріс әлеуетін әлі де арттырып, 40 мыңға жеткізбек.

Нұрлыбай Аққұлып «Каспий» су тұщыту зауытының директоры:

Енді қыстың кезінде суды тұтыну төмендейтін болғандықтан оны қазіргі жағдайда қап-қазір қосудың қажеттілігі жоқ. Бірақ, келесі жылдың ыстық маусымына біз сол 40 мыңды дайындап елге береміз бе деп отырмыз. Негізгі тұтынушылар сол 3 аудан. Және іргедегі жылы жағажай. Соларға берілетін су деңгейі көтеріледі. Енді олар да зауыт өсті екен деп қарап отырмайды ғой. Олар да өсіп жатыр ғой. Бұл бізге азғантай уақыт бізге тыныс беруі мүмкін. Бірақ болашақта суды тұтыну бұдан да көбейеді деген жоспар бар.

Мемлекет басшысы биылғы жылдың соңына дейін өңірдегі барлық елдімекендерді сумен қамтуды тапсырды.

Нұрлан Орынбасаров, Маңғыстау облысы әкімдігінің Энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі күні Маңғыстау облысында жалпы 59 мекеннен, 12 елдімекен қалған болатын. Соның осы жылы 3 ауылында ауыз су берілді. Қалған 9 ауылында қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін аяқтап, ауызсумен қамту көрсеткішін толықтай 100 пайыз көрсеткішке жеткізу жоспарланып отыр.

Маңғыстау өңірі халықтың өсімі бойынша елімізде бірінші орында. Сондықтан да 2025 жылға қарай суға деген сұраныс еселеп артады. Сол себепті 9 бірдей су тұщыту зауытын салу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кендірлі ауылындағы су тұшытатын зауыттың құрылысын бастау керек. 33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахань – Маңғыстау су құбыры әбден тозған. Оны жаңғырту және кеңейту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Үкімет және «Самұрық-Қазына» қоры барлық жұмыстарды мерзімінде орындауға тиіс.

Ақтау еліміздің теңіз қақпасы. Әлемдегі соңғы алмағайып өзгерістерге байланысты өңірдің логистикалық әлеуетінің маңызы артып отыр. Тіпті әлемдік деңгейдегі көлік-транзит орталығына айналдыру мүмкіндігі бар. Осы орайда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмыс мерзімі ұзармақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар. Ақтау және құрлық порттарының қуатын арттыратын болдық. Бұл олардың өткізу мүмкіндігін жетілдіріп, мұнай тасымалдау көлемін 20 миллионға дейін жеткізу үшін қажет. 

Президент аймақтағы экологиялық мәселелерді қозғады. Каспийдің ахуалы қазір көпті алаңдатып отыр. 2005 жылдан бері деңгейі 1 метрге төмендеп кеткен. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев теңізді зерттейтін арнайы институт құру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Каспийді мекен еткен итбалықтарды сақтап қалудың маңызына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуын анықтау үшін Каспий теңізінің айдыны мен жағалауында зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізген жөн. Үкімет өкілетті органдарды теңізде жұмыс істеуге қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге тиіс. Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу қажет.

Маңғыстаулықтар жыл сайын 100 миллион долларға сырттан тауар сатып алады. Жол шығыны болғандықтан бағаға әсер ететіні түсінікті. Жыл басынан бері азық-түлік 20 пайызға қымбаттаған. Президент өңір жұртын арзан әрі сапалы азық-түлікпен қамтуды жолдарын қарастыруды тапсырды. Ол үшін логистика әлеуетін арттырып, халықаралық транзиттің ішкі нарыққа бағыттау қажет. 

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу