Президент: Майшелпек орын, жоғары лауазым, жайлы қызметті бөліске салуға жол берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Майшелпек орын, жоғары лауазым, жайлы қызметті бөліске салуға жол берілмейді

22.05.2022

Енді майшелпек орын, жоғары лауазым, жайлы қызметті бөліске салуға жол берілмейді. Президент мұны қызметке таласқыш, жылы орынды ептеп алмақ, тартып алмақ қылатындарға қаңтардан кейін тағы бір қарата айтты. Ойын ережесінің әділ әрі бәріне бірдей болатынын ескертті. Әсіресе әлсізді «жұтып» қоятын жүйеге қатысты. Саясатта ғана емес, бизнесте де. Қасым-Жомарт Тоқаев асыра сілтеп, кейде «асыра тергеп» жіберетін құқық қорғау органын сынға алды. Онсыз да қызметінде кемшілік көп саланың өзгеретін уақыты жеткен шығар?!..

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты сыни пікір көп екенін білемін. Тәртіп орнату кезінде үйреншікті тәсілге салу салдарынан бизнеске кесірі тиетін кездер болуы мүмкін. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы Жолдауымда кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз кедергі келтіру – мемлекет мүддесіне қайшы қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Бірақ артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар жапа шекпеуге тиіс.

Иә, бастысы бизнес пен мемлекет мүддесінің арасындағы тепе-теңдікті қатаң сақтау. Демек, кәсіпке кесірі тиетін «тәртіп орнату» тәсілін өзгерту керек. Айтпағымыз олигополия мен рейдерлікке қатысты. Бизнесті қолдау деген сылтаумен заңнан аттап, жазадан сытылып кететіндер аз емес. Президент мұндай істерді соңына дейін жеткізуді Бас прокурорға қатаң тапсырды. Мемлекеттік органдардың қызметінде жемқорлыққа жол беруге болмайтынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – үлесті өзара бөлісіп алды деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді. Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек.

Қоғамда әділ төрелік ететін сот пен заң үстемдік құру керек дейміз. Алайда адал кәсіпті де негізсіз қудалайтындар бар. Бизнес иелерін күдікті деп танып, тергеуге салып, жолын бөгеу жиі кездеседі. Бірақ іске келгенде бұл тек мүлік дауы болып шығады. Мұны Президент те біліп отыр. Екі жыл бұрын Жолдауда да құқық қорғау органы мен сот жүйесін реформалауды тапсырған. Бұл жолы тағы шегеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын көрсетеді. Бас прокуратура кәсіпкерлерге қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс.

Заңсыз ақша табу, алаяқтық пен қаржы пирамидалары. Азаматтарды арбап, бар ақшасынан айыратын ұйымдар туралы соңғы кездері тіпті жиі естиміз. Қазір микроқаржы ұйымының атын жамылған алаяқтар көбейді. Бір дерек: биыл қаржы пирамидасына алданған 30 мыңнан аса тұрғын 54 млрд теңгесінен айырылды. Президент бірінші кезекте заңсыз ұйымдармен күресуді талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаржыны ұрлау, заңсыз алу, қаржы пирамидалары: көлеңкелі экономикамен түбегейлі күресу керек. Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек.

Судьяларды іріктеу жүйесі өзгермейінше, жасалған істің бәрі тиімсіз. Осылай деген Мемлекет басшысы жақында бұл бағытта нақты жоспарымен бөлісетінін мәлімдеді. Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік аудит жүйесі. Кәсіпкерлер аудит қорытындысына шағым түсіріп не негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайды. Кедергі болатын да осы. Оны бизнесмендер де белсенді көтеріп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік аудиттің- тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты тексеру нәтижесі- көбіне сол бизнес иесін қылмыстық қудалауға негіз болады. Мұндай жүйе кәсіпкерлерге мемлекеттік аудит нәтижесіне шағымдануға да, негізсіз қылмыстық қудалаудан қашуға да мүмкін болмайтындай етіп құрылған. Енді шағымданудың барлық мүмкіндігі таусылғанша қылмыстық істі бастауға мүмкіндік бермейтіндей етіп тетікті енгізу қажет. Тез арада қылмыстық және азаматтық-құқықтық саланың аражігін ажырату тетігін жедел түрде дайындау керек.

Салық саясатында да тепе-теңдік жоқ. Мысалы, ірі компаниялар шағын кәсіпорынның деңгейінде ғана салық төлейді. Бұл бюджетті қомақты қаржыдан айырып отыр. Әрі әділдік принципіне қайшы келеді. Енді Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, салық саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын дайындайды. Президент келер жылға дейін салмақты ұсыныс беруді міндеттеді. Бастысы «Жаңа Қазақстан» деп жалаң ұранға ермей, нақты іске көшуді тапсырды.

Ақерке Бектас «Апта»


Хабарламаларға жазылу