Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады

16.03.2022

«Қандай лауазымда болса да, қоғамда қандай орны болса да жазаланады». Президент қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандарға қатысты осылай деді. Себебі, төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында көпшілікке белгілі танымал адамдар да бар. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар жоғары басшылықты ығыстыру, халық пен шетел жұртшылығының алдында терістеуді мақсат тұтқан. Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Үкімет пен басқа да байланыс арналарын өз қолына алып, мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат бергендер де болды. Бірақ, содырларды өз күшімізбен тоқтаттық,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал, тергеу істеріне келсек омбудсмен мен беделді заңгерлер прокуратурамен тығыз жұмыс істеп жатыр. Әрбір шағым назардан тыс қалмайды. Мемлекет Басшысы істі болғандардың кінәсіне қарай жазаны жеңілдететін жағдайларды ескеруді тапсырды. Алайда, ымыраласып топ құрған қарулы бүлікшілер мен опасыз шенеуніктер жазадан құтылмайды.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Біз ақиқатын айтуымыз керек. Бұл менің жеке қағидатым. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын.


Хабарламаларға жазылу