Ресей әскерінің Украинаға басып кіруінен әлемде алдағы айларда азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей әскерінің Украинаға басып кіруінен әлемде алдағы айларда азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін

19.05.2022

Қымбамшылық қаупі Қазақстанда ғана емес. Ресей әскерінің Украинаға басып кіруінен әлемде алдағы айларда азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мәлімдеді.

Қарулы қақтығыс салдарынан Украинадан дүниежүзілік нарыққа бидай, жүгері, күнбағыс майы мен өзге де дақылдарды жеткізу қиындап отыр. Сондықтан, әлемде азық-түлік құны, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскен.

Ресей мен Украина дүниежүзіндегі бидайдың 30 пайызын өндіреді. Ақпанға дейін Украина өз порттары арқылы айына 4,5 миллион тоннадай өнімді экспорттаған. Бірақ, Ресейдің шабуылынан кейін экспорт құлдырап, өзге елдерде баға шарықтап барады. Біріккен Ұлттар Ұйымның дерегінше, қазір Украинада 20 миллион тоннадай астық жиналған. Ол шығарылса, халықаралық нарықта жағдай оңалады деген болжам бар.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу