Ресей әскері Украина аумағындағы әскери және азаматтық нысандарға зымырандармен соққы беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей әскері Украина аумағындағы әскери және азаматтық нысандарға зымырандармен соққы беруде

18.05.2022

Ресей әскері Украина аумағындағы әскери және азаматтық нысандарға зымырандармен соққы беріп жатыр. "Би-Би-Си"-дің хабарлауынша, Харковь облысында соңғы тәулікте 11 жерде өрт тұтанған. Ал, Днепрде снаряд сынықтары тұрғын үйлерге түсті. Донбасста Ресей күштері шабуылды күшейтуге дайындалып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

"Львов, Сумы мен Чернигов облыстары зымырандармен атқыланды. Бұл әрекет елімізде шиеленіс тудыру немесе күшімізді сынау үшін жасалып отыр. Операциялар Ресей армиясының елдің шығысы мен оңтүстігіндегі сәтсіздіктерінің орнын толтыруға бағытталған. Олар дегеніне жете алмайды. Әуе соққыларынан ештеңе шықпайды. Біздің авиациялық және диверсияға қарсы қауқарымыз күшейіп жатыр".

Ресей тарапының мәлімдеуінше, Мариупольдің "Азовсталь" зауытынан мыңға жуық украиналық жауынгер қару тастап шықты. Олардың қатарына дүйсенбіде эвакуацияланған әскерилер де кіреді. Тұтқынға түскендер Ресейдің бақылауындағы облыстарға жіберілді. Украина тарапы оларды ресейлік тұтқындарға айырбастау туралы ұсыныс жасаған еді. Дегенмен, ресейлік бірнеше депутат оларды "нацистік қылмыскерлер" деп атап, сотталуы тиіс деп мәлімдеді. Ресми жауап қандай болатыны белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, "Азовсталь" ішінде болған әскерилердің командирлері зауытта қалған.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу