НАТО мәлімдемесі: Ресей стратегиялық мақсатына жете алмай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

НАТО мәлімдемесі: Ресей стратегиялық мақсатына жете алмай жатыр

16.05.2022

Ресейдің Украинадағы соғысы жоспарға сай жүріп жатқан жоқ және оның Донбасты басып алу әрекеті жүзеге аспай жатыр. НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуінде әскери одақтың бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина қақтығыста жеңіске жетуі мүмкін. Ал, Британия Қорғаныс министрлігінің есебінше, Ресей ақпаннан бері құрлықтағы жауынгерлік күштерінің үштен бірінен айырылған. Мәскеудің мақсатқа жетуіне Украина армиясының қарсылығы мен логистикалық мәселелер кедергі болса керек.

BBC-дің мәліметінше, Украина әскері Ресей күштерінің Ингулец өзеніне салған өткеліне соққы берген. Бұған дейін де Северо-Донецк қаласының маңындағы өзеннен өтпек болған ресейлік техниканы көпірмен бірге қирағаны туралы кадрлар жарияланды. Ал, Ресей авиациясы Мариупольдағы Азовстальді бомбалауын тоқтатқан жоқ. Зеленскийдің сөзінше, зауытта қалған жүздеген сарбазды эвакуациялау үшін келіссөз әлі жалғасып жатыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу