Украина жауынгерлері Ресей шекарасына жеткенін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина жауынгерлері Ресей шекарасына жеткенін жариялады

16.05.2022

Украина жауынгерлері Ресей шекарасына жеткенін жариялады. Бұған дейін олар қарсыластарын Харьков пен оның айналасындағы елдімекендерден ығыстырған болатын. Ал, батыс барлаушылары Ресей қарулы күштерінің Донбасста да тұралай бастағанын хабарлап отыр. Президент Владимир Путиннің көрші елге әскер кіргізуінің бір себебі - НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне жол бермеу еді. Алайда, Солтүстікатлантикалық альянстың қатары тағы екі мемлетпен толығуы мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Жергілікті армия Ресей шекарасына жетті

Бұл – Украина армиясының жауынгерлері. Елдің қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, олар солтүстік-шығыстағы Харьков үшін шайқаста басым түсіп, тіпті Ресей шекарасына жеткен. Және сол жерде сарбаздар Украинаның шекаралық белгісін орнатқан. Ал, Ресей әскері Донбассты алуға әрекет жасап жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің дерегінше, Мәскеу Украинада өзінің адам күші мен техникасының үштен біріне жуығын жоғалтты. Бір ай бұрын Пентагон да Ресей Украинаға басып кірген әскерінің 25 пайызынан айрылды деген қорытынды жариялаған еді. НАТО болса, Кремльдің Украинада мақсаттарына жете алмай жатқанын мәлімдеп отыр.

Йенс Столтенберг, НАТО-ның Бас хатшысы:

Ресейдің Украинадағы жоспары Мәскеу ойлағандай жүзеге асып жатқан жоқ. Олар Киевті ала алмады, Харьков төңірегінде кері шегініп жатыр, ал Донбасстағы ірі шабуылдар тоқтап қалды. Ресей стратегиялық мақсаттарына жете алмай отыр.

Ресей әскері бірнеше қалаға соққы берді

Дегенмен, Ресей армиясы соңғы күндері Украинаның командалық пункттері мен оқ-дәрі қоймаларына және жауынгері мен техникасына шабуыл жасады, деп хабарлайды Ресей қорғаныс министрлігі. Сонымен қатар, оның дерегінше, Ресей күштері Харьков, Донецк және Луганскіде де украиналықтардың әскери дрондарын атып түсірген. Бұған қоса, Херсон төңірегінде де шайқас күшейіп, ресейліктер Николаев пен Львовқа зымыранмен соққы берді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Бүгінгі Ресейдің Львов облысына жасаған зымырандық соққылары және Северодонецк, Лисичанск және Донецк облысындағы елді мекендерді атқылауы тәрізді зұлымдықтар сол басқыншылықпен бірге Ресейге кетуі керек.

Елдің НАТО-ға өтініш беретіні расталды

Финляндия НАТО-ға өтуге өтініш беретінін ресми түрде растады. Бұл туралы мәлімдемені скандинавиялық мемлекеттің президенті Саули Нинийстё жасады. Нинийстё осыған дейін ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, елінің Солтүстікатлантикалық альянсқа қабылдануды жоспарлап отырғанын айтқан. Алайда, Кремль басшысы бұны қателік деп атап, оның Ресей-Фин қатынастарына нұқсан келтіретінін ескертті.

Ресей мен Финляндияның ортақ шекарасы -1300-ден шақырым. Украинада әскери жанжал басталғалы Финляндияда НАТО-ға өтуді қолдайтындар күрт көбейді. Ал, Швеция Трансатлантикалық одаққа мүше болу ниетін бүгін жариялауы мүмкін.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу