НАТО саммиті: Финляндия Мен Швеция Альянсқа шақырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

НАТО саммиті: Финляндия Мен Швеция Альянсқа шақырылады

29.06.2022

Бүгін Мадридте НАТО-ның саммиті ашылды. Оған осы әскери альянсқа кіретін 30 елдің лидерлері қатысып жатыр. Жиында қабылдануы тиіс жаңа стратегиялық концепцияда Ресей Солтүстікатлантикалық одақтың серіктесінен - бірінші қарсыласына айналмақ. Сонымен қатар, НАТО Қытайды өзінің «құндылықтары мен мүдделеріне және қауіпсіздігіне сынақ» деп танымақ. Және де әскери одақтың АҚШ, Германия, Канада, Ұлыбритания сынды ірі мүшелері Балтық жағалауы елдеріне алдын-ала әскер жіберіп, ол аймақта жаттығуларды күшейтуге ниетті. Бұған қоса, НАТО қарулы жанжал басталған жағдайда шұғыл әрекет ететін күштерінің санын сегіз есеге арттырып, 40 мыңнан 300 мың жауынгерге жеткізейін деп отыр. Айта кетсек, Трамп кезінде альянс елдері арасында алауыздық күшейді және НАТО Ауғанстанда сәтсіздіктерге ұшырады. Бірақ, Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі НАТО-ны қайта ширатып, оның бірлігін нығайтып отыр.

Ал, өткен тәулікте Түркия Финляндия мен Швецияның НАТО-ға өтуіне қойған ветоны алып тастады. Сондықтан, Мадрид кездесуіне екі скандинавиялық мемлекет НАТО-ға мүше болуға ресми шақырту алмақ.

Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы:

Біз бүгін немесе осы саммит аяқталғанша Финляндия мен Швецияны НАТО-ға мүшелікке шақыру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл - бұрын-соңды болмаған жылдам әрекет. Шақырудан кейін 30 парламентте ратификациялау процесі қажет болады. Ол біраз уақытты алады, бірақ, тезірек өтеді деп ойлаймын. Өйткені, одақтастар екі елді қабылдауға дайын отыр. Ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыруға шақырамын.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу