Жалпыхалықтық референдумда халық заң жобасын қолдаса Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалпыхалықтық референдумда халық заң жобасын қолдаса Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылмақ

15.05.2022

Конституциялық реформаға тоқталсақ. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата заңы 1993 жылы Жоғарғы кеңесте қабылданды. Негізгі заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Ал 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін бүкілхалықтық референдум өтті. Ата заңды әзірлеуге Жоғарғы кеңес қатысқан жоқ. Себебі дәл осы кезде бір палаталы орган тарап кеткен еді. Референдумға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 90 пайызы қатысыпты. Жаңа заңды 7 млн-нан астам қазақстандық қолдап, дауыс берген. Осылайша, мемлекетіміз президенттік республикаға айналды. Парламент екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен құралды. Конституциялық және Арбитраж соттардың жұмысы тоқтап, тек Жоғарғы сот қалады. Жаңашылдықтардың бірі – елімізде Вице-президент қызметі жойылады.

Ширек ғасырда Ата заң 5 рет өзгертілді. 1998 жылы 19 бап өзгеріске ұшырады. Конституциядан «Президенттің жасы 65 жастан аспауы керек» деген шектеу алынып тасталды. «35 жастан асқан адам Президент болып сайлана алады» деген сөйлем "40 жастан асқан" деп өзгертілді. Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі 7 жылға ұзартылды. Сенаторлар 6 жылға, Мәжіліс депутаттары 5 жылға сайланатын болды.

2007 жылы Парламенттің бірлескен отырысында Конституция небәрі 17 минутта өзгертілген екен. 30 түзету енгізілді. Негізгі түзетулер Президент мәртебесіне қатысты. "Бір адам қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлана алмайды" деген тармаққа "Бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайды" деген сөйлем қосылды. «Қазақстанда кемінде 15 жыл тұрған адам Президент болып сайлана алады" деген бапта "кемінде 15 жыл" деген "соңғы 15 жыл" деп өзгертілді. Мемлекет басшысының өкілеттігі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Сенат пен Мәжіліске өз өкілдерін ұсынуға мүмкіндік алды.

2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. Осыған сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау және өткізу ережелері өзгерді. Ал 2017 жылы Ата заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Парламент өзгерістерді 2 күнде қарап, мақұлдаған екен. Олардың ең негізгісі - Президенттікке үміткер жоғары білімді болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтегі немесе сайлау арқылы тағайындалған мемлекеттік лауазымдық қызметтегі еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды және қаржыландыру мен бюджеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту өкілеттігі Үкіметке берілді. Егер Мәжіліс қайта сайланатын болса, Үкімет жұмысын тоқтатады.

2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгеріске ұшырады. Елорда атауы Астана Нұр-Сұлтанға өзгертілді.

Ал биылғы 5-маусымға жоспарланған жалпыхалықтық референдумда халық заң жобасын қолдаса, Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылады. 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. 2 бөлімнің атауы өзгереді. Негізгі өзгерістер мыналар: Президенттің өкілеттігі қысқарады. Парламент пен мәслихаттардың рөлі артады. Мәжіліс депутаттарын сайлаудың мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Конституциялық сот құрылады. Ата заңда «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп нақты жазылады. Елбасы мәртебесі және Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы деген анықтама да алынып тасталады.

Өлім жазасы жойылады. Ал заңдарды Сенат мақұлдап, Мәжіліс қабылдайды. Президенттің қол қоюына жіберіледі. Егер ол келіспесе кері қайтарады. Бірақ, депутаттардың 3-тен 2 бөлігі Президент шешімін қабылдамаса, Мемлекет басшысы сонымен келіседі.

Хабарламаларға жазылу