Бүгін Түркияның Ыстамбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің медиа және ақпарат саласына жауапты министрлерінің төртінші құрылтайы өтіп жатыр. Маңызды жиында түркітілдес елдердің ақпарат саласындағы байланысын арттыру, өзара ақпарат және тәжірибе алмасу мәселесі жан-жақты талқыланды. Халықаралық басқосуда айтылған өзге де өзекті тақырыптарды Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы баяндайды.
Ыстамбұлдағы медиа құрылтайда өзара ықпалдастықтан басқа, фейк, яғни жалған ақпаратпен бірлесе күресу жайы тереңірек талқыланды. Медиа саласының өкілдері соңғы жылдары әлеуметтік желіде белең алған өтірік ақпаратпен жекелеген ел болып күресудің тиімсіз екенін, сондықтан бұл бағытта бір-бірімізге көмектесуіміз қажет деген ортақ мәмілеге келді.
Бұдан бөлек, медианы манипуляция жасау құралына айналдырмау керектігі де күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болды. Осы ретте түркі мемлекеттері бірлескен медиа жобалар жасаудың маңыздылығына тоқталды. Себебі түрлі телеөнімдер жасау жұмыстары әлі де баяу.
Былтыр біздің Ұлттық арна мен Түркияның ТРТ арнасы Қорқыт ата сериалын түсіруге келіскен болатын. Қазір бірлескен сценарий жазылып бітті, енді соны пысықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Асқар Омаров, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Осы сериалға қазір басқа да түркі елдері қызығушылық білдіріп тұр. Мүмкін түсіру, дайындау процесінде емес продюсер ретінде қосылатын шығар. Алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр. Әлі көп талқылау мен көп кездесу болады осы сериалға байланысты.
Дәл қазір медиа форумның екінші бөлімі басталды. Онда түрлі тақырыптарға байланысты панелдік отырыстар өтіп жатыр. Бұл басқосуларда түркі әлемінің цифрлық болашағы, кино, сериал түсіру мүмкіндіктері, қоғамдық телеарналардың ынтымағы сияқты мәселелер тереңірек талқылануда.
Бұл отырыстарда тараптар нақты жобаларды талқылап, келісімдерге келуі тиіс.
Панелдік отырыстарда Қазақстан телерадиокорпорациясы төрағасының орынбасары Илхам Ибрагимов телеарнаның өнімдерін таныстырып, бірге жұмыс істеуге болатын алаңдарды атап өтті.