Түркістанда түркі мемлекеттерінің мүфтилері бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда түркі мемлекеттерінің мүфтилері бас қосты

06.05.2022

Түркістанда түркі мемлекеттерінің мүфтилері бас қосты. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналғандар түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу мен насихаттау мәселелерін сөз етті. Келелі басқосудан өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева тікелей қосылмақ. Айнұр Бас мүфтилер тағы қандай маңызды мәселелерді талқылады?

Айнұр Ақбаева, тілші:

Бүгінгі түркітілдес мемлекеттері мүфтилерінің басқосуына бес елдің дін басылары қатысуда. Жиында Түркия мен Кавказ, Қырғызстан, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының басшылары ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан түркітілдес елдердің байланысты нығайту жайын сөз етті. Түркітілдес халықтары мүфтилері алқасын құру жөніндегі бастаманы талқылап, осы туралы пікірлерін ортаға салды.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Түркітілдес елдерінің рухани жетекшілерінің бүгінгі жиналуы қазіргі таңдағы түркітілдес мемлекеттерінің бірігуіне, рухани қолдауға септігін тигізетін жиын деп санаймыз. Осы түркітілдес елдері мүфтилер алқасының ережесі дайындалып жатыр. Бүгін біз оны талқылап өттік. Дегенмен оны тағы да ары қарай жетілдіре түсіп, келесі кездесулерімізде осы ережелерді бекітеміз деген ойымыз бар.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Конференцияда сондай-ақ, діни мерекелерді бір күнде атап өту мен ортақ пәтуалар қабылдау мәселелері қамтылды. Деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу жайы талқыланды. Мүфтилер мұндай басқосулар ислам өркениетінің дамуына және түркі дүниесінің рухани және мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға ықпал етеді деген пікірлерін білдірді. Қонысбек сөз тізгіні өзіңде.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу