2,5 млрд теңге қаржы бөлінген: Мақаншылықтар таза ауыз суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2,5 млрд теңге қаржы бөлінген: Мақаншылықтар таза ауыз суға жарымай отыр

14.05.2022

Шығыстағы Мақаншы ауылының тұрғындары әлі күнге таза ауыз суға жарымай отыр. 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген су жүйесінің құрлысы 5 жылдан бері жүргізіліп жатыр. Жергілікті шенеуніктер ауыл халқы тіршілік нәріне биыл қол жеткізеді-деп уәде берген. Алайда халық ол судың сапасына күмәнмен қарап отыр. Өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып тарқатып айтады.

Ержан Жақып, тілші:

Мынау елу жылдан астам уақыт ауылдың кәріз сулары құйылып жатқан көлшік. Бір қызығы, таза ауыз судың ұңғымаларын дәл осы көлдің іргесінен қаза салған. Енді ауыл тұрғындары таза ауыз суымыздың жағдайы не болады деп алаңдап отыр.

Әбен Разуев, Мақаншы ауылының тұрғыны:

Осы жерде су қоры жетеді. Сондықтан осы жерден қазуға тура келді дейді. Жанында тұрған лас судың қандай зардабы бар екендігін есепке алмаған сияқты. Бұл жерден халық таза су іше қояды дегенге өз басым сенбеймін.

Мақаншылықтар судың сапасына ғана емес, құбыр жүйесінің құрлысына да көңілдері толмайтынын айтады. Ұзаққа созылған жұмыстың шалағай екендігі көзге ұрып тұр, дейді. Ауыл жолдары іші ойқыш-ұйқыш болып, құдық қақпақтары қалай болса, солай орнатылған.

Төлеуғазы Закариянов, Мақаншы ауылының тұрғыны:

Таза ауыз су жоқ. Ауыз суымыз СЭС-тің талаптарына сәйкес келмейді. 2021-де береміз деді. Міне, әлі жоқ. 

Әкімшіліктегі құрлысқа жауапты басшылар қолымызда барлық құжатымыз сақадай-сай деп саспай отыр. Бұл жолы тамыз айында тартып боламыз деп уәде берді. Ал судың тазалығын жұмыс аяқталған соң тексермек.

Болат Торсықбаев, Үржар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

Қаржының бөлінуіне байланысты осы 5 жылға созылды. Республикалық бюджеттен жылына 500-600 миллион ғана бөлінеді. Қазір суды қосқаннан кейін қайтадан СЭС-қа сараптамаға жібереміз. Жарамды болады. Неге жарамды болмайды?

Қазір ауылдағы 13 мың тұрғын қолдан қазылған құдықтарды пайдаланып отыр. Енді тартылып жатқан су таза болмай шықса, қайтадан соған жүгінбек.

Хабарламаларға жазылу