Түркістан облысында 750 мың тұрғын таза ауыз суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 750 мың тұрғын таза ауыз суға жарымай отыр

18.07.2022

 Бұл өңір халқының үштен бірі. Су жүйесі тартылған елді мекендердің өзінде де жағдай мәз емес. Жаңадан қосылған 40 нысан істен шығайын деп тұр. Ал 100-ге тарта ауылда жүйелер санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз пайдалануға берілген.

«Ынтымақ» ауылындағы аңқасы кепкен жұрт талай жылдан бері ауыл шетіндегі арықты жағалайды. Су таситын автокөлік мұнда аптасына бір рет келеді. Онда да әр отбасыға 80 литрді өлшеп береді. Бұл Келес ауданындағы жағдай.

Әбдіәкім Аманов, ауыл биі:

Ауыл бес жылдан бері бір бөшке суды сатып алады. Үйді-үйге құйып кетеді. Азанда бетін қолын сонымен жуады. Бұзауын сонымен суарады

Сайрам ауданы Әйтеке би ауданының тұрғындары да он жылдан бері су таситын автокөліктің жолын тосумен күн өткізіп келеді. Бір машинесі 4 мың теңге. Бірақ оның өзі лас. Апта өтпей жатып, құрттап, жәндіктері жыбырлап шыға келеді.

Нариман Омаров, ауыл тұрғыны:

Сатып алатынды водовозбен бөшкемізге құйдырамыз. Оның өзінде таза су әкеп бермейді бізге. Ақсудың суын әкеп береді, арықтың суын әкеп береді. Оған кір жуамыз басқа қыламыз.

Түркістан облысында бүгінгі таңда осындай 113 елді мекен бар. Бұл ауылдарда шамасы келген жұрт таза суды өзге жақтан тасып ішеді. Жағдайы жоғы арықтың лас суымен өзегін жалғауға мәжбүр. Прокуратура одан бөлек 89 ауылда ауыз жүйелері мен су ұңғымаларының санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз пайдалануға берілгенін анықтады.

Бақытжан Әбдешов, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі:

Талдау қортындысымен облыс әкімдігінің атына заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгіздік. Ұсынудың қарау нәтижесі бойынша қала-аудандардағы ауыз су саласына жауапты бөлім басшылары, жауапты бөлім мамандары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысында 843 елді мекен болса соның тек 119-ы ғана орталық су жүйесіне қосылған. 200-ден астам ауылдағы құбырлардың тозығы жеткен. Оның ішінде құрылысы аяқталмай жатып жарылып, ұңғымадағы су шелекке ілінбей тартылып кеткендері қаншама. Соған қарамастан жергілікті биыл өңір халқын 2025 жылға дейін түгел таза ауыз сумен қамтамасы етеміз деген уәдесінен танбай келеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу