Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында адам сүйегі табылды. Табылған адам қаңқасының жанынан қыштан жасалған ыдыстар қоса шықты.
Шоңжы ауданының тұрғыны Талғат қарапайым тракторшы. Тапсырыс бойынша көрші ауылдағы жолды жөндеу жұмыстарына қолғабыс етіп жатқан. Қалжат ауылының іргесіндегі топырақты қазып жатқан ол қорым үстінен бір-ақ шыққан. Адам сүйегін көре салысымен алдымен үй-ішіне хабарлаған.
Толғанай Ибраимова, Шоңжы ауылының тұрғыны:
Әкем таңертең сағат ондар шамасында хабарласқан. Тауып алғаны туралы айтты. Содан кейін анам екеуміз ақылдасып, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының байланыс телефондарын іздедік. Интернеттен іздеп тауып, хабарластым.
Ақпарды ести салысымен Ұлттық телеарнаның түсірілім тобы 400 шақырым жолды жүріп өтіп, қас қарайғанша оқиға орнына жетті. Үлкен жолдың жиегінде жатқан бұл қабақта ескі қорым бар десе, ешкім сенбес еді. Тіпті, кейіпкердің өзі де бастапқыда мал сүйегі деп ойлаған.
Талғат Нүсіпқожаев, жәдігерді тапқан адам:
Басында малдың сүйегі ме, не екен деп түсіп қарасам, адамның бас сүйегі, әр жерде шашылып жатыр. Содан алдым да бір жерге жинай бастадым. Мына заттар кейін кездесті. Мен бұл заттарды кездестіремін, деп ойламадым. Жұмысты тоқтатып қойып, тракторды өшіріп, сүйектерді жинай бастадым.
Бұл оба осы жерді мекендеген тұрғындардың ерте тарихынан, мәдениетінен мол мағлұмат пен деректен хабар береді. Шамамен б.з.б. III ғасыр мен б.з. II ғасырлар арасын қамтиды. Археологтар осы аумаққа арнайы экспедиция ұйымдастыру керек екенін жеткізді.
Төрәлі Төлегенов, «Есік» қорық-мұражайының археологы:
Алматы облысы Ұйғыр ауданында көптеген дерек кездесе бермейді. Бүгінгі біздің келіп отырған жеріміз Алматы облысы Қалжат тауының маңы екен. Археологиялық барлау негіздерінде айтатын болсақ, жалпы қарапайым адамның, яғни әлеуметтік дәрежесі төмен адамдардың жерленген обалары.
Сүйектер шашылып, қыш бұйымдар сынып қалғанына қарамастан, Үйсін мәдениетіне жататын құнды дерек. Облыс тарапынан қорғауға алынып, археологиялық қазба жұмыстарын қаржыландырса, бұл маңнан әлі де құнды дүниелер табылуы мүмкін.
Жазира ИАСЕВА
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ