Конституциялық кеңес Мемлекет басшысының өтініші бойынша шешім қабылдады. Кеңес мүшелерінің пікірінше, ұсынылған шаралар жүргізіліп жатқан реформалардың саяси-құқықтық іргетасын қалауға арналған. Заң жобасымен Президенттің өкілеттіктері нақтыланып, Парламент пен Мәслихаттардың рөлі нығайтылған. Республикалық бюджеттің атқарылу сапасына Парламенттік бақылау күшейтілген. Сондай-ақ, бірқатар өзгерістер биліктің заң шығарушы тармағын қайта форматтауға бағытталған. Конституциялық кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару кепілдіктері күшейтілгенін атап өтті. Өлім жазасын жою адам құқықтарын қорғау саласындағы нақты өзгеріс екені де айтылды. Кеңес өз қорытындысында жер мен табиғи ресурстардың иесі халық екені туралы норманы нақты бекіту болашақта түрлі түсініспеушілікке жол бермейді деді. Сондай-ақ, Конституциялық кеңес тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы өтінішті де қабылдаған.
«Жұмыс тобының кейбір мүшелерінің ұсынысын ескере отырып, Конституциялық Кеңеске Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша өтініш жіберілген еді. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі жұртшылыққа аян және Конституцияда бөлек бекітуді қажет етпейді. Конституциялық Кеңес ұсынылған түзетулердің барлық тармағын Ата Заңға сәйкес деп қорытынды жасады»,- деп атап өтті өзінің Фейбуктегі парақшасында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин.