Ағылшындық Ливерпуль футбол командасы УЕФА Чемпиондар Лигасының финалына шықты. Бүгін түнде «қызылдар» жартылай финал бәсекесінде «Вильярреал» құрамасынан басым түсті. Испанияда өткен ойын тартысқа толы болды. Алғашқы таймда Унай Эмери шәкірттері күтпеген жерден 2 бірдей гол соғып, қарсыласын абдыратып тастады. Осылайша қос ойын нәтижесі бойынша таразы басы теңескен болатын. Алайда ойынның екінші жартысында Юрген Клопп шәкіреттері басымдықты өз қолдарына алып, қарсылас қақпасынан 3 мәрте саңылау таба білді. Гол авторлары Фабиньо, Луис Диас және Садио Мане. Ағылшын командасы қос ойынның нәтижесі бойынша 5:2 есебімен айқын жеңіске жетті. Енді олар 28-мамыр күні Париж қаласында өтетін финалдық ойынға әзірлігін бастайды. Ал бүгін түнде жартылай финалдың екінші ойыншы өтеді. Сантьяго Бернабеу стадионында Реал Мадрид командасы Манчестер Ситиді қабылдайды. Бірінші ойында ағылшындық ұжым өз алаңында 4:3 есебімен жеңген еді. Бұл матчты да түнгі сағат бірде «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.