Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтеді

29.04.2022

Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы ассамблеиясының 31-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасады. Референдум бұл маңызды демократиялық қадам. Бірақ ол елімізде соңғы рет 1995-ші жылы өтіп, қазіргі Ата заң қабылданған. Одан кейін Конституцияға бірнеше рет ішінара өзгерістер енгізілген.

Иә, жаңа ғана Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті отырысы аяқталды. Мұнда президент үлкен жаңалық айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін көптеген саяси реформаларды ұсынған еді. Ол өзгерістерді өзінен бастағаны белгілі. Мәселен билікке президент туыстарын жақындатпауды заңмен бекіту керек деген еді. Суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, парламенттің құзыретін кеңейтуге тапсырма бергені белгілі. Осы өзгерістерті конститутцияға енгізу үшін қазір ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президенттің айтуынша ата заңның үштен біріне өзгеріс енеді. Әрі оны парламент бекіте салмайды. Жалпы халықтық референдум өтіп, конститутцияны өзгертуге әрбір азамат атсалысады. Осылайша жаңа Қазақстанды құруда ешкім шет қалмайды. Бұдан бөлек президент қазіргі геосаяси ахуалға тоқталды. Қазір елімізге іштен, сырттан төнген қауіп көп. Әсіресе арандатушылар тарапынан. Президенттің айтуынша бұл еліміздің тұрақтылығын жойғысы келетін әлдебір қызметтің құйтырқы әрекеті. Оған қарсы тұрып, мызғымас бірлікті сақтау үшін ассамблеяға артылар жүк көп. Сондай-ақ Тоқаев еліміздің мемлекеттік тілі тек қазақ тілі екенін ескертті. Бірақ өзге ұлтты, өзге тілді құрметтеу маңызды. Өйткені жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір, тіліміз басқа болғанымен тілегіміз бір. Ал ел бірлігі жаңа Қазақстанның тірегі болуы тиіс.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу