Жаңа Қазақстан құрудағы басты бағыт халықтың табысын арттыру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа Қазақстан құрудағы басты бағыт халықтың табысын арттыру

28.04.2022

Жұмыс істеймін, табысымды арттырамын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Ерінбей, еңбек еткендерді мемлекет те қолдайды. Жаңа Қазақстан құрудағы басты бағыттардың да бірі осы. Яғни, халықтың табысын арттыру. Бүгін Елордада осы мақсатта әзірленген үкіметтік бағдарлама таныстырылды.

Халықтың әл-ауқатын арттыру, тапшылықты жою, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты осы. 6 бағыттағы жобаларға ел ішінде өзінің де, сөзінің де беделі бар азаматтар жетекшілік етеді. Министрліктер мен жергілікті билік жалпы бағдарлама үшін жауапты. Құр есеппен құтылып, көзбояушылық жасауға жол берілмейді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Әрбір әкімге жылдың аяғында оған берілетін баға осы жобаның жүзеге асуыныа тікелей байланысты. Енді мен жоққа шығармаймын, әркімнің жауапкершілігі әртүрлі, ондай-мұндай болып кетуі мүмкін. Ондай жағдай болатын болса, ол азаматтарға жақсы болмайды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік, ауылдағы бизнес, көп балалы аналарды жұмысқа тарту бойынша бұған дейін де талай жоба қолға алынған. Енді сол кездегі деректер жаңа бағдарламаның есебіне кірмеу керек. Ал «Мамандығым – болашағым» жобасы жастарды экономикаға қажетті кәсіптерге баулуға бағытталған. Дипломы болса да жұмыс таба алмай жүретін жастар да назардан тыс қалмайды.

Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Жас түлек жұмысқа орналасуға барады. Жұмыс беруші айтады, сенің тәжірібиең жоқ, мен сені қалай қабылдаймын дейді. Сондықтан тағылымдама кезеңі, біздің ұсынысымыз, ол да жұмыс өтілі есебіне кірген жағдайда, кемінде жарты, бір жылдық тәжірібимен келеді бірінші жұмысқа орналасқанда.

Табысты арттыру бағдарламасы әрекетке – берекет қағидасымен жасалған. Яғни, ерінбесең табысың еселейді. Отандық өндірісты дамыту, жаңа кәсіпорын ашу, импортқа тәуелділікті азайтуға ерекше көңіл бөлінген. Жалпы, түрлі салада инвестициялық жобаларды іске асырып, 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орнын ашу жоспары бар. Ал креативті индустрияға жауапты IT саласындағы кәсіпкер Алмас Жали шынында да креативті ой айтты. Жоспарлардың орындалуы туралы сұраққа шамданбауға шақырып, елге есеп беруді ұсынды.

Алмас Жәли, кәсіпкер:
1-2 жылдан соң тура осы құрамда жиналып, ұсынылған жобалардың нәтижесін айтайық. Іске аспай қалғандар болса, себебін түсіндірейік. Осы ғой сұрағыңыз? Жаңа Қазақстан деген осы туралы ғой. Мұндай сұрақтарға дұрыс реакциямен қарайық.

Жаңа жоба мыңдаған адамның кірісін көбейтіп, тұрмысын түзеуге мүмкіндік бермек. Үкімет мүшелері осылай деп отыр. Бағдарламаға елге пайдасы бар жобаның бас-қасында жүрген әр азамат қатыса алады.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу