Елде қант тапшылығы болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде қант тапшылығы болмайды

20.04.2022

Алматы облысында қант тапшылығы болмайды. Көксу ауданындағы кәсіпорын екінші жыл қатарынан қамыс құрағынан қант өндіруге кірісті. Қант қызылшасы жиналғанда ғана жұмысын бастайтын зауыт Мексика мен Бразилиядан әкелінетін шиказатты өндіргелі жыл бойы тоқтамай істейтін болды. Биыл 50 мың тонна қамыс құрағынан шекер шығарып, өңірдің және еліміздің сұранысын қанағаттандырмақ.

Қант құрағынан шығын аз болғанымен өзіндік құны үш есе қымбат. Сонау Бразилия мен Мексикадан мұхит асып келетін шикізаттың логистикасы да күрделі. Дегенмен өндірілген қанттың дәмі мен сапасында еш айырмашылық жоқ.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:
Өңдеу жағынан ерекшелігі бар да, құрамында ешқандай өзгешелік жоқ. Азғантай бір химиялық өзгешеліктер болса да, оның бәрі өңдеу мерзімінде оның бәрі жойылады да бәрі бір ГОСТ-пен шығарылады.

Қазір зауытқа 7 мың тонна шикізат келді. Оның 3 мың тоннасы өндіріліп, ақ қант нарыққа шығарылды. Қамыс құрағы кәсіпорындағы 320 адамның тұрақты жұмыс істеуіне сеп болып отыр. Мұның сыртында Алматы облысындағы жүздеген шаруа қожалығы қант қызылшасын сеуіп, көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісті.

Ержан Шалқыбеков, Көксу аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
22 жылға аудан 1200 гектар жоспарлап отырмыз. 53 шаруа қожалығымен. Қазіргі таңда 700 гектарды сеуіп бітірдік. Осы 10 күннің ішінде толығымен 1200 гектарды сеуіп шығамыз. Тұқым бәрі жеткілікті.

Биыл қант қызылшасы себілетін жер көлемі - 6,2 мың гектар ғана. Алқап азайғанымен қант өндірісі азаймайды. Ақсу қант зауыты биыл толығымен осы қамыс құрағына көшеді деп жоспарланып отыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу