Алматы облысында «Қазақстандықтар» деген қылмыстық топ жасырған қару-жарақтар табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Қазақстандықтар» деген қылмыстық топ жасырған қару-жарақтар табылды

19.04.2022

«Қазақстандықтар» деген қылмыстық топ жасырған қару-жарақтар табылды. Алматы облысында ғимараттарды қиратуға 100 долларға дейін төлеген адамдар ұсталды. Қазір ұрланған мүліктер қайтарылып, ішінара шығындар өтеліп жатыр. Қаңтар оқиғасына қатысты сот санкцияларымен 627 күдікті қамауда отыр.

Қаңтар оқиғасының кейбір қитұрқы әрекеттері әшкереленуде. Талдықорғанда ойран салу үшін ақша таратқан екі адам ұсталды. Олар бүлікке қатысып, жеке мүліктерді қиратып, мемлекеттік нысандарды басып алуға үгіттеген. Ақысына 20-дан 100 долларға дейін төлеген. Телеграмм канал ашып, араңдатумен айналысқандар да бар. Аз уақытта мыңдаған адамды улап, баррикадалар құрып, молотов коктейльдерін дайындап және құқық қорғау органы қызметкерлеріне қарсы тұруға нұсқау берген. Қолға түскен тағы екі күдікті көлікпен арматура үлестіріп, ұрланған полиция қалқандары мен бронжилеттер таратқан.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары:

Бұл мән-жайлар олардың үйлестірілуін және бірыңғай жоспардың болғандығын көрсетеді. Мысалы, Алматы қаласында 4 күдікті адам ұсталды, олар әлеуметтік желілер арқылы арматура кесінділерін дайындау және қиратушылар орналасқан жерге тасымалдау туралы нұсқаулар алған. Қазіргі уақытта олардың үйлестірушілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Шымкентте әкімдікті басып алуға 3 мыңнан аса адам шыққан. Қаруланған топ. Полицейлер бастапқыда резеңке оқпен қарсыласты. Бірақ, қауіп төнген соң оларда атыс қаруын қолданған. 20 шабуылшы қаза тапты. Жамбыл облысында 500 адамдай мемлекеттік нысандарға оқ жаудырған. Тәртіп сақшысы мерт болды. 11 қылмыскердің көзі жойылды. Медициналық зерттеу екеуінің есірткіге еліткенін, қалғанының мас болғанын көрсетті. Оқиға кезінде қолды болған арсенал анықталып жатыр.

«Қазақстандықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топ атыс қаруын Алматы облысы, Бәйтерек кентіндегі қараусыз ғимаратта сақтаған. Екі «Калашников» автоматы, үш «Макаров» және шетелдік өндірістегі 4 тапанша тағы бар. 15 ұңғылы және 2 шолақ мылтық табылды. Жалпы, қолға түскендер жаппай түрмеге жабылып жатқан жоқ.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы:

Олардың жеке басы, жағымды мінездемелері мен залалды өтегені ескеріле отырып, бұлтартпау шарасы өзгертіліп, 323 күдікті күзетпен ұстаудан босатылды. Соттар қаралған қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың басым бөлігін осындай негіздер бойынша бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазалау шараларына соттады, атап айтсақ, 214 адамның ішінен 194.

Қарумен қоса ұрланған жекенің дүниесі де іздестіріліп жатыр. Полиция жалпы сомасы 340 млн теңгеден асатын мүлікті тауып, тәркілеген. Сондай-ақ жалған ақпарат тарату бойынша 11 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Қадағалаушы орган қауесет таратып, қапы қалмауға шақырды.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу