Қызылордада Нағи Ілиясов атындағы мектеп-гимназиясының ауласы ғажайып құс бағына айналған. Бүгінде ұстаздар мен оқушылар тауыс және қырғауыл тұқымдас қанаттылардың бірнеше түрін баптап, өсіріп отыр.
Үзіліс кезінде мектептегі бар бала құстарды көруге асығады. Әсіресе, бастауыш сыныптың балғындары темір торды қамаулап, мәз-мейрам. Ғажайып бақты жақын маңдағы тұрғындар да келіп тамашалап, мектеп ауласында серуендеуді әдетке айналдырған.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Бұл Үнді тауысы. Әсемдігі көздің жауын алады. Қауырсынын жайғанда 1-1,5 метр диаметрге жетеді. Осындай сұлулықты мектеп оқушылары күнде тамашалап жүр. Ал жоғары сыныптың білім алушылары құстар әлемін тереңінен зерттеп, ғылыми жоба әзірлеуде.
Озат оқушылардың бірі Аян Орынбасар құстарға айрықша қызығушылық танытып, олардың тіршілігін жан-жақты зерделеп жүр. Сабақтан тыс уақытын көбіне құс бағында өткізеді. Кітаптан оқығанын бүгінде көзбен көріп, қанаттылар жайлы дүниетанымы кеңейе түскен.
Аян Орынбасар, оқушы:
Негізі табиғатта бұл құстар көп, ұзақ өмір сүрмейді. Мысалға, алтын қырғауылдарды айтатын болсақ, 6-10 апта ғана өмір сүреді табиғатта. Сондықтан, оларға тиімдісі қолда, торда өсірілген. Тіпті, торда өсірілген алтын қырғауылдар 15-20 жылға дейін өмір сүре алады.
Зоожобаны мектеп директоры демеушілердің көмегімен жүзеге асырған. Әзірге, мұнда онға жуық құс бар. Тауыстан бөлек, Қытай ормандарында кездесетін жаратылысы бөлек алтын түстес қырғауыл мен басқа да жабайы қанаттыларды өсіріп отыр.
Сағыныш Сүйіндікова, №9 Н.Ілиясов атындағы мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
Жалпы құстар саябағы мектеп оқушыларының барлығының оқу-тәрбие үдерісіндегі пәндік білімдерін арттыруда үлкен рөл атқарып келе жатыр. Болашақта құстардың түрлерін көбейтіп, оқушылардың зерттеу жұмыстарын әрі қарай дамыту жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта жыртқыш құстарға арналған қосымша қоршау салынбақ. Яғни, оқушылар үшін бүркіт, қаршыға секілді әуе патшаларын мектеп ауласынан көретін күн де алыс емес.
Әділбек Серікұлы