Еліміздің 8 тарихи нысаны ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енді (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің 8 тарихи нысаны ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енді (толығырақ)

22.07.2014
Еліміздің 8 тарихи нысаны  ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енді (толығырақ)

Еліміздің 8 тарихи нысаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Олар: Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақыртөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек.

Бұл көне қалалар енді халықаралық ұйымның қорғауында болып, терең зерттеледі. Бүгін ЮНЕСКО-ның өңіраралық жиынында осындай маңызды шешімнің қабылданғаны жария болды.

ЮНЕСКО-ға мүше әлемнің 125 елінің өкілдері Астанада бас қосты. Бүгін олар Қазақстанның халықаралық ұйыммен бірлесе атқарған жұмысына куә болды.

Сондай-ақ, өзге елдермен ынтымағы жарасқан елдің келбетін көрді. Жиында Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып, жұмыс тобына сәттілік тіледі. Одан кейін ЮНЕСКО бас директорының өкілі мінбеге көтерліп, сөзін Астанаға деген таңданыспен бастады.

Эрик Фальт, ЮНЕСКО бас директорының өкілі:

Қазақ елі - мәдени және тарихи құндылықтарға бай ел. Ежелгі қалаларды сақтап, болашақ  ұрпаққа  сол қалпында жеткізуде атқарып жатқан жұмыстарыңыз көңілге қонымды. Жуырда Қазақстан, Қытай және Қырғыз Республикасы Тянь-Шань аймағын әлемдік мұралар тізіміне енгізді. Осы жолда сіздердің атқарған жұмыстарыңыз ұшан-теңіз. Сондай-ақ, «Катон-Қарағай» мемлекеттік ұлттық паркі мен «Ақжайық»  аумағы биосфералық резерваттар жүйесіне енгенін айта кету керек.  

Сөз соңында Эрик Фальт 18 жыл бойы ЮНЕСКО істері бойынша Қазақстандағы Ұлттық комиссияны басқарған Иманғали Тасмағамбетовке алғысын білдірді.

20 жылда бірде-бір адам иеленбеген «Жібек жолы» төсбелгісін берді. Бұл - ЮНЕСКО-ның ең жоғары марапаты.

Ұлы Жібек жолының тарихы тереңнен тамыр тартады. Бүгінде тізімге енген 8 нысан Жібек жолында орналасқан. ЮНЕСКО-ның  мамандары көне орындарды жете тексере келе осындай шешім шығарған.

Алдағы уақытта Жібек жолы бойындағы өзге де тарихи орындардың халықаралық ұйымға енуі үшін атқарылар  жұмыстар толастамайды. Өйткені, ұйым қолдап жатса, бүлінген құндылықты бүтіндеп алуға мүмкіндік мол.

Арыстан Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет министрі:

1990 жылдардың басында ең бірінші  болып Отырар қалашығын қалпына келітіруге ЮНЕСКО тарапынан жапон мемлекеті миллион доллар қаражат бөлген болатын. Сонымен қатар, Тамғалы тас петроглифтеріне бірінші ізденістерге ЮНЕСКО тарыпынан Норвегия мемлекеті грант бөлді.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

Қазақстан - ЮНЕСКО ұйымына 1992 жылдан бері мүше. Содан бері халықаралық ұйым еліміздің мәдени-тарихи шараларын өткізуге мұрындық болып келеді. Сондай-ақ, көне тарихи нысандардың қорғалуына септігін тигізді. Ал, бүгінде ЮНЕСКО тізіміне енген 8 тарихи нысан алдағы уақытта ұйымның ерекше қолдауына ие болып, туризм аймағына айналмақ.

Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу