Елімізде көптеген этнос өкілдері бейбітшілікте өмір сүріп жатыр – Қасым-Жомарт Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде көптеген этнос өкілдері бейбітшілікте өмір сүріп жатыр – Қасым-Жомарт Тоқаев

12.04.2022

Рим Папасы Францинск Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Католик шіркеуі басшысының онлайн келіссөздері кезінде белгілі болды. Тараптар ынтымақтастықты нығайтуды және конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады.

Биыл қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-ші съезінің күн тәртібіне баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форумның Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ елдегі жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде мәлімет берді. Рим Папасы ризашылығын білдіріп, съезге қатысатынын растады. «Мен дінаралық диалогты, мемлекеттердің бірлігі мен жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы келелі жиынды тағатсыздана күтемін. Мұның қазіргі уақытта мәні өте зор», – деді Католик шіркеуінің басшысы.

Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қасиетті Тақпен рухани келісім және өзара құрмет көрсету саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға пейілді екенін нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің Қазақстанға келетініңіз әрі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысатыныңыз жиынға үлкен серпіліс береді. Мен алғыс білдіремін. Қазақстанда біз «әртүрлі көзқарас – бір ұлт» қағидатын ұстанамыз. Өзіңізге мәлім, еліміздегі көптеген этникалық ұлт бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Біз қорғайтын құндылық – осы. Бұл тұрғыда сіздің Қазақстанды қолдауыңыз бен өзара өнімді байланыстың маңызы зор.

Нысан Ығыл


Хабарламаларға жазылу