Бірлік күні аймақтарда кеңінен тойлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірлік күні аймақтарда кеңінен тойлануда

01.05.2018

Қазақстан халықтарының тілі мен діні әртүрлі болғанымен, тілегі бір, мақсаты ортақ. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің басты құндылығы - бейбіт өмір мен тыныштықтың баянды болуын тілейді. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан сан алуан этнос өкілдері бүгін мерейлі мерекеде жері гүлденген, елі түрленген Қазақстанның мәртебесін асқақтатты. Барлық өңірлерде  дәл қазір мерекелік шаралар өтіп жатыр.

Бүгін елімізде үлкен той, бейбітшілік пен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың, тұрақтылық пен келісімнің мерейлі мерекесі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық - біздің басты байлығымыз.    Қызылордада 17 түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өңірдегі ұлттық мәдени орталықтар мереке ажарын бүгін айшықтады.

Бүгін сондай-ақ, мерекеге орай Өнер арбаты ашылды. Яғни, мұнда сәулетшілердің, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалауға және сатып алуға болады. Сыр мәдениетімен толық танысуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта бұл халықтың рухани демалатын мәдени орны болмақ.

Еліміздегі бейбіт өмір мен тыныштық сан ұлт пен ұлыстың тарихи тамырластығын, жарасымды ынтымағын айғақтайды. Ал, бірлігі жарасқан елдің тірлігі де төрге озады, әрине. Мерейлі мереке тағы да құтты болсын!

Бүгінгі мерекені атыраулықтар да кең көлемде атап өтуде. «Сұлтан Бейбарыс» алаңына халық көп жиналды. Жалпы, мерекелік шаралар шаһардың әр жерінде өтуде. Тұрғындар үшін концерттік бағдарламалар ұсынылып, отандық сән үйлерінің қатысуымен жергілікті дизайнерлердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Ал, аумақтан түрлі ұлт пен ұлыс өкілін көптеп кездестіруге болады Олар мерекеге сән беріп, маңыздылығын айшықтай түскендей.

Ал,бүгінгі шараның ерекшелігі сол, атыраулықтар түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарынан дәм тата алады. Жалпы, өңірде 19 этномәдени бірлестік бар, құрамында 224 адам жұмыс істейді. Ал, Атырау атырабында шамамен 84 түрлі этнос өкілі тұрып жатыр. Сәйкесінше, әрбір этносқа өзінің салт-дәстүрі мен тілін сақтауы үшін барлық жағдай жасалған. Оның дәлелі - бүгінгі татулық пен бейбітшілік байрағы желбіреген, дәл осы сәт.  Мерекелік думан кешке «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концертпен жалғасады.

Бірлік мерекесі Жамбыл жерінде де ерекше атап өтілуде. Негізгі іс-шара орталық «Достық» алаңында өтіп жатыр. Мұнда Әулиеата өңірінде тұратын түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астындағы бейбіт өмір мен ынтымағы жарасқан ұлттар достығын қойылымдар арқылы сахналауда.

«Ынтымағы жарасқан, көпұлтты Қазақстан» қойылымы бір адамның бүкіл ғұмырына негізделген. Бала туғаннан бастап жасалатын салт-жоралғылар әр ұлттың дәстүріне сай көрсетілуде. Бүгінде Жамбыл жерінде 26 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бірлігі – бекем, Отаны – ортақ, тілегі – бір. Барлығы да тәуелсіз бейбіт күнге, ұлтаралық татулыққа тәубе дейді.

Қазақстан – саяси тұрақтылық пен ұлттар достығы салтанат құрған бірден бір мемлекет.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ, Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу