Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұрасы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұрасы табылды

09.04.2022

Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұрасы табылды. Отандық ғалымдар АҚШ пен Голландиядағы мұрағаттарда ұзақ жыл зерттеу жүргізіп, тың деректерге қол жеткізген. Бұл жайында елордада өткен «Мұстафа Шоқай мұрасы отандық және шетел ғалымдарының зерттеулерінде» атты халықаралық конференцияда мәлім болды. Десе де ұлт тұлғасының еңбектері әлі күнге толық зерттелмей жатыр. Ғалымдар басқосқан жиынға әріптесім Қонысбек Терекұлы да қатысып келген еді.

Алқалы жиында ғалымдар алдымен Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік өміріне, саяси-қоғамдық қызметіне тоқталды. Одан соң, ойшыл-демократтың «тұтас Түркістан туралы идеясын» ғылыми-тәжірибелік тұрғыда кеңінен талқылады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Шоқайдың ауқымы өте кеңірек. Ол әлемдік деңгейге шыққан, саяси эмиграцияда үлкен күрес жүргізген. Тек қана ұлттық тұтастығы, тәуелсіздігі емес, Түркістанның тұтастығы , тәуелсіздігі емес. Жалпы үлкен идеялар үшін күрескен тұлға.

Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрағаттарының көшірмелері атажұртқа там-тұмдап болса да оралып жатыр. Конференцияға онлайн қатысқан Түркия, Ресей, Франция, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстанның белгілі зерттеуші-ғалымдары Мұстафа мұрасының жаңғыруына сүбелі үлес қосып жүргені белгілі болды.

Абид Тахирли, филология ғылымының докторы (Әзірбайжан):
 Мұстафа Шоқай Еуропада жүріп шығарған «Яш Түркістан» саяси бағыттағы басылым¬да тек түркістандықтардың емес, тәуелсіздік жолында күресіп жатқан Әзербайжан, Сол¬түстік Кавказ, Еділ-Орал, Қырым, Грузия, Украина халықтары туралы да қоғамдық саяси тақырыптарда мақалалар жария¬лады. Күрескердің ерлігі мен өмірі туралы біз көптеген еңбектер жазып шықтық.

Күрескердің жазған хаттары, мақалалары мен естеліктері әлем архивтерінде жатыр. Дені араб қарпі мен шағатай тілінде жазылған. Соның бір шеті Америкадағы «Соғыс және бейбітшілік» архивінде. Енді бірі Голландияның «корольдіктегі Әлеуметтік тарих» мұрағатында тұр. Енді ғалымдар арнайы барып, зерттеу ісін қолға алмақ.

 Бүркітбай Аяған, тарих ғылымының докторы, профессор:
Минск министрлері фашизмнен қашып, архивті Голландияға асырып жіберген. Антибольшивиктік қайраткерлердің арасында М.Шоқайдың және алаштың басқа да қайраткерлерінің материалдары өте көп.

Алаш қайраткерінің Франциядағы эмиграцияда өткізген жиырма жылы жарқын болғаны соншалық, оның атына күйе жағушылар, ол қатысқан талай іс-шара мен оқиғаның өңін айналдырып көрсеткен.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылым докторы, профессор:
Кешегі Кеңес Үкіметінің кезінде соншалықты мұны сатқын деп, контреволюционер, панисламист деп тағы да басқа толып жатқан атау беріп әбден, кітап шығып үлкен «Түркістан күйреуі» деген. Осылай үркітіп қойған Мұстафа Шоқайды. Ал шын мәнісінде Мұстафа Шоқай ұлы адамдардың бірі.

Мұстафа Шоқайдың мыңға жуық еңбегі бар. Ал қазақ тіліне 224 мақаласы ғана аударылған. Француз тіліндегі 130 мақала, орыс тіліндегі 448, ағылшын, поляк, неміс тілінде жазған мақалалары күні бүгінге дейін аударылмаған. Зерттеудің кемшін қалғанының бір себебі – осы.

Қонысбек Терекұлы


Хабарламаларға жазылу