Отандық спортшылардың допинг дауына жиі ілігуіне спорттық медицина орталығының да кінәсі бар. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы мәлімдеді. Ведомство өкілдері бүгін Қарағанды қаласында көшпелі мәжіліс өткізді. Министр Дәурен Абаев бірқатар нысандарды аралап, қазіргі спортқа негізінен 3 бағыт бойынша өзгерістер керек екенін айтты. Олар: Бұқаралық және балалар спорты, спорттық инфрақұрылым және жоғары жетістіктерге қол жеткізетін спорт. Бұл үшін министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазір алдағы олимпиада ойындарына дайындық басталып кеткен. Сондықтан спорттың әр бағытындағы ұлттық құраманы білікті мамандар және бапкерлермен жасақтау мәселесі бірінші орынға қойылған. Енді Ұлттық құраманың штаттық саны артпақ. Бұл спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайын ақшалай қаражат алып, халықаралық жарыстарға шығуға мүмкіндік бермек.
Самат Ерғалиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:
Көпшіліктің назарын жиі аударатын мәселенің бірі – допинг мәселесі. Мысалы 2021-ші жылғы жазғы олимпиада түрлерінен 2318 тест өткізілді, 8 спорт түрі бойынша 18 оң нәтиже шықты. Өкінішке орай бұл спорттық медицина орталығының кемшілігі болып табылады.