Алматыда наурыз айында 200-ден астам ағаш құлап, 69 автокөлікті зақымдаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда наурыз айында 200-ден астам ағаш құлап, 69 автокөлікті зақымдаған

08.04.2022

Алматыда наурыз айының өзінде 200-ден астам ағаш құлап, 69 автокөлікті зақымдаған. Зардап шеккен жүргізушілердің кейбірі өтемақыларын ала алмай жүр. Ал, тұрғындар болса ауласындағы шіріп, құлауға шақ қалған тал-теректерді кестіре алмай әлек. 

29 наурыз күні болған дауылдан зардап шеккендердің бірі - Тайыр Құрбанов. Үйінің ауласында өсіп тұрған кәрі ағаш оның қымбат көлігіне құлаған. Ол әлі күнге өтемақысын ала алмай жүр. Айтуынша, темір тұлпарын толық қалпына келтіру үшін қыруар қаражат керек.

Тайыр Құрбанов, қала тұрғыны:

Өтемақы алу үшін Бостандық аудандық әкімдігіне жүгіндім. Олар құлаған ағаштың Пәтер иелері кооперативінің аумағында өсіп тұрғанын айтты. Ал, пәтер иелері кооперативі әкімдікке сілтеп отыр. Екі ортада не істерімді білмей, басым қатты.

Сақтандыру компаниясының өкілдері мұндай оқыс жағдайда өтемақы төленбейді деп отыр. Өйткені, Тайыр міндетті сақтандыру полисін пайданалады. Ал, оның ішінде табиғи апаттар қарастырылмаған.

Димаш Зиядин, сақтандыру компаниясының өкілі:

Бұл жерде ерікті сақтандыруды пайдалануға болады. Қатты жел тұрса, басқа да оқыс оқиға болса, соның салдарынан көлігіңіз зақымданса оған бұтақ немесе үйдің қасбеті құласа сізде ерікті сақтандыру полисі болса, онда сіз көлігіңізді сақтандырған компанияға барып, келісімшартқа байланысты өтемақы ала аласыз. 

Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасының мәліметінше, қазір алып шаһарда 2,8 млн түп тал-терек өсіп тұр. Оның 85 мыңы апаттық жағдайда. Соңғы бір айда қолайсыз ауа райының салдарынан 200 ағаш құлап, 69 автокөлікті зақымдады. Мәселені шешу үшін алдағы 5 жылда 85 мың кәрі ағаш кесіледі.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мына ауладағы тал-теректердің басым бөлігі тозып, шіріген. Тұрғындар өмірімізге қауіп төнім тұр деп шағымдануда. Тіпті, мына алаңқайға балаларын ойынауға жіберуден қалған. Өйткені, қураған ағаштардың қашан құлайтыны белгісіз.

Шаш етектен шығынға батып, көліксіз қалған Тайыр Құрбанов енді сотқа шағымданамын деп отыр. Ол қалалық әкімдік тарапынан өтемақы төленуін талап етпекші.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу