Ақтөбе облысында су тасқынынан 7 елді мекенге жол қатынасы тоқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында су тасқынынан 7 елді мекенге жол қатынасы тоқтады

04.04.2022

Ақтөбе облысында су тасқынан 7 елді мекенге жол қатынасы тоқтады. Бұл ауылдарда 750 үй, 3 мыңнан астам тұрғын бар. Сондай-ақ, бірнеше көпір бұзылып , жолдары су шайып кетті. Облыс орталығында да жағдай күрделі. 100-ден астам үйді су басты.

Бұл ағын судың екпініне шыдамай, морт сынған Қобда ауданы, Егіндібұлақ аулындағы көпір. Кеше Ақтөбе мен 35 мың тұрғыны бар Қандыағаш қаласының арасындағы қатынас та уақытша үзілді. Байғанин, Ойыл, Қобда, Мұғалжар аудандарында жолдарды су шайып кетті. Тасқыннан әсіресе, облыс орталығы айтарлықтай зардап шегіп жатыр.

Елубай Сейтмағамбетов екі тәулік ұйқы көрмегенін айтады. Үйіне кірген сумен алысып әлек. Дүние-мүлкі бүлінді, бала-шағасы қауіпсіз жерге көшірілді. Көмек дер кезінде жетпеді, - дейді.

Елубай Сейітмағамбетов, тұрғын:

Бірінші күні звондағанда бақылау комиссияға қоңырау шалдық, ТЖ-ға, 109-ға хабарластық, біреуі телефон алмады. Қалай жұмыс істеп жатыр? Не үшін комиссия, не үшін ТЖ?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы елді мекені. Қарғын су өзен жақ беттен лап қойған. Құтқарушылар лезде жетіп, құм толы қапшықтармен бөгет жасағанмен, нәтиже болмаған. Мына беттегі үйлер түгел суға кетті. Су сору жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Қала бойынша 113 үй суға кетті. 259 адам эвакуацияланды. Оның 114-і бала. Олар қала аумағындағы 4 мектепке орналастырылды.

Бибігүл Сәбитқызы, тұрғын:

Аяқ астынан, жарты сағат ішінде аула толып кетті. Есік алдына дейін.МЧС қайықпен алып шықты бәрімізді.

Қазір облыс орталығы мен аудандарда жұмыс топтары құрылды. Олар су тасқынынан залал келген әр үйге кіріп, шығын көлемін анықтауы тиіс. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, зардап шеккендерге көмек демеушілер есебінен беріледі. Су шайып кеткен жолдар күн жылынған соң жөнделмек.

Жақсығали Иманқұлов, Облыс әкімінің орынбасары:

Қалай болғанда да қала бойынша да, аудандар бойынша да барынша көмегімізді береміз. Және де тиісті жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз.

Өңірде қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Дегенмен, мамандар алдағы 1-2 тәулікте жағдай тұрақтанады деп болжам жасап отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу