Батыр Баянның 300 жылдығына орай театрландырылған көріністер қойылды
Халқымыздың асқан ерлігін, жерін, елін қорғауға деген батырлығын, табандылығын айғақтайтын дәлел-деректер толып жатыр. Солардың бірі - Павлодар облысы Май ауданы аумағындағы Қалмаққырылған тауы.
Аты айтып тұрғандай, бұл - қазақтың ата жауын жеңген жері. Бабалар қаны төгілген, батырлар ізі қалған аймақтағы «қанды қырғын» театрландырылған көріністер арқылы жаңғырды. Шара Батыр Баянның 300 жылдығына орай өткізілді.
Май ауданы, Ақшиман ауылы тұсында Қалмаққырылған деп аталатын тау бөктері бар. Ғасырларға созылған қазақ пен қалмақ арасындағы қанды қырғынның жаңаша беталған жері бұл. Яғни, Арқаның батырлары бастаған қол қалмақ қонтайшыларын қазақ жеріне қайтып келе алмастай қылып күйретті.
Ержан Сманов, сарбаз:
Біз Малайсары батырдың сарбаздары болып, қалмақтарды осы жерден қуып шықтық.
Жау жебесінен мерт болған Жасыбай батырдың кегін қайтару үшін қазақ қалмақты қанға бояды, деп жазған Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Олар жауды Ертістен асырмай қырып тастауды жоспарлаған. Осы ұрыстан кейін қалмақтар қазақ әскерінің тегеурініне қайтып тойтарыс бере алмайтынын түсініп, Сарыарқаға аяқ баспаймыз,-деп ант-су ішеді.
Ардақ Райымбеков, Май ауданы әкімі аппаратының басшысы:
Тарихты тану бұл қасиет, деп жатады дана халқымыз. Сондықтан да, бүгін сол дәуірге оралып, сол замандағы Қазақ хандығының, қазақ халқының бастан кешірген қиындықтарын бүгінгі тәуелсіздікке қаншалықты, қандай қиындықтар арқылы жеткендігімізді жастар көріп, сезініп отыр.
Елі мен жері үшін күрескен қаһармандардың ерлігін әспеттеуге, театр әртістері, студент жастар, ауыл-аймақ тұрғындары қатысты.
Ержан Рахымбеков, Баянауыл ауданының тұрғыны:
Жасыбай батырдың бейітінен осы Қалмаққырылған жеріне 20 адам 100 шақырым жерді басып өттік. Екі күн жолда жүрдік.
Қамал бұзарлық қасиет қазақтың қай ұлының болсын бойынан табылған. Соның ғана арқасында ел болып, жерімізді сақтап қалдық. Бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп өссе игі осыны. Баяғы бабаларша шайқас салып, ерлікті әспеттеудегі мақсат сол.
Болат АМАНБАЕВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы