Ресей әскері Киев маңындағы аудандарға снаряд жаудырды. Ал, президент Зеленский армиясының Донбасста жаңа қақтығысқа әзірленіп жатқанын хабарлады. Мәскеу бұл аймақты «азат етуге» негізгі күшті жұмсайтынын мәлімдеген еді. Қоршаудағы Мариупольден бейбіт халықты көшіруге автобустар жөнелтілді. Тараптар ертең тағы да келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр.
Ресей әскерінің қоршауындағы Мариуполь қаласынан шыға алмай жатқан мыңдаған тұрғынды көшіруге 45 автобус жіберілді. Мұны бүгін Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Веращюк мәлімдеді.
Оның сөзінше, Халықаралық Қызыл Крест ұйымы Ресейдің бейбіт халықты эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ашуға келіскенін растаған.
Айта кетсек, ондаған мың адам бірнеше аптадан бері бомбаланып жатқан қаладан кете алмай жатыр. Өйткені, атысты тоқтата тұру туралы келісімдер орындалмай отыр.
Павел, Мариуполь қаласының тұрғыны:
16 наурызда досымыз көлік жүргізіп келе жатқанда, тамағына оқ тиді. Бес минуттан кейін ол адам о дүниеге аттанып кетті.
Мәскеу үшін Мариупольдің стратегиялық маңызы зор. Ресей оны басып алса, Азов теңізінің Ресей мен Қырым арасындағы жағалауында тікелей құрлықтық жол ашылады.
Президент Владимир Зеленскийдің ескертуінше, Украина армиясы Донбасста Ресейдің «жаңа соққыларына» әзірленіп жатыр.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
Иә, келіссөздер процесі жүріп жатыр. Бірақ бұл әлі сөз. Әзірге нақты мәлімет жоқ. Бірақ біз, сонымен бірге, Ресей әскерлерінің Донбасста жаңа соққылар үшін жиналып жатқанын көрдік. Енді соған дайындалып жатырмыз.
Путинге бұрмаланған мәлімет берілген
АҚШ пен Ұлыбритания барлаушыларының дерегінше, Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағылар оған Украинада болып жатқан жағдай туралы нақты әрі толық ақпарат беруден қорқады. Яғни, Кремль басшысына Ресей әскерінің сәтсіздіктері мен ел экономикасына салынған санкциялардың кері әсері туралы бұрмаланған мәлімет жеткізіліп жатыр.
Соның салдарынан президент пен елдің әскери жетекшілігі арасында қарым-қатынас шиеленісіп отыр, дейді Ақ үйдің Коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд журналистерге берген брифингте.
Алайда, Кремль бұл мәлімдеме Ресей басшылығының жұмыс істеу үлгісін түсінбегендіктен жасалды деп есептейді.
Арыстанбек Рысбек