Қарғын су ақтөбеліктерді әуреге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарғын су ақтөбеліктерді әуреге салды

31.03.2022

Қарғын су ақтөбеліктерді әуреге салды. Көшелер жыраға айналып, жаяу адам түгілі көліктердің өзі жүре алмай жатыр. Тіпті, еріген қар суы көп қабатты үйлердің де аулаларына толған.

Жыраға айналған көше, сынған көлік. Бұл Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар елді мекені. Ағын су тіпті, тас төселген көшелерді де шайып кеткен.

Райгүл Ержанова, тұрғын:

Жылдағы көретін қорлығымыз осы. Машиналар жүре алмайды, адамдар жүре алмайды. Осылай жырып тастайды мықтап.Машиналар тоқтап, бейнет көреді. Мұз ойылып кетіп, осы жерге тұрып қалды. Машина шақырып, әрең алып шықтық.

«Рауан» елдімекеніндегі жұрт бүгін балаларын мектепке жеткізе алмай әбігер болды. Жағдай қала орталығында да мәз емес. «Батыс-2» мен Есет батыр шағын аудандарындағы халық та теңіз ортасында қалғандай күй кешуде.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Ақтөбенің Есет батыр деп аталатын ауданы. Негізінен мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер орналасқан. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мына екі үйдің оратсы көлге айналған.Бұл жермен жаяу адам түгілі көліктердің өзі әрең өтіп жатыр.

Нұргүл Ниязбаева, тұрғын:

Бір телегей теңіз әйтеуір.Былтыр да солай болды, биыл да солай. Үйден шыға алмаймыз, көлігіміз жүрмейді,тұр көлігіміз.

Бұған дейін қала билігі көктемгі су тасқынына тас-түйін дайынбыз деген еді. Алайда, іс жүзінде олай болмай шықты.110 ассенизатор, насостық стансалар жиналған суды уақытылы тазартып үлгермей жатыр.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

Халықтан түсіп жатқан, 109 арқылы шағымдарды бүгінгі күні білеміз, сол бойынша жұмыстанып жатырмыз.Айтарым, су тасқынына байланысы барлық мүмкіндігімізді пайдаланып, жұмыстанып жатырмыз.

Қарашадан бері қала аумағынан 270 мың текше метр қар шығарылған. Тұтасып жатқаны әлі бар. Алдағы күндері күн күрт жылынса, қала қарғын судың ортасында қалатын түрі бар.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу