Ақтөбе облысында қарғын суға қарсы күрес жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында қарғын суға қарсы күрес жүріп жатыр

28.03.2024

Қарғын су бірнеше күннен бері ақтөбеліктерді әуреге салып жатыр. Жағдай әсіресе, Мұғалжар, Ойыл, Әйтеке би аудандарында қиын. Бірнеше ауылға қатынас жоқ. Ақтөбе қаласында 4 мектеп пен екі балабақшаға су кірген. Аймақтағы ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл қаланы қақ жарып өтетін Сазды өзені. Қазіргі күйін көріп тұрсыздар, арнасынан асып, су көшелерге жайылып жатыр. Жаяу адам тұрмақ, автокөліктердің де жүруі қиындаған. Шаһардың байырғы тұрғындарының өзі ешқашан судың мұнша көп келгенін көрмедік дейді. Бұл маңдағы ондаған кәсіпкерлік нысанына залал келген.

Марат Оңалбеков, қала тұрғыны:

Жер қатып қалды ғой, су кетпей жатыр астыға. Көтеріледі керісінше жердің астынан. Соын ану қардың суы. Соның бәрі араласып... Мынадай болған жоқ еш уақытта. Мен қанша жыл өмір сүріп келе жатырмын.

Бұл жерде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен әскерилер тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Ондаған көлікпен су сорылып, өзен жағалауы құм толы қапшықтармен бітелуде. Өткен түнде Есет Батыр ауданына баратын басты жолдың су құбыры өткен жері жырылып, көлік қатынасы тоқтаған еді. Алайда, бұл ақауды қала әкімдігі мен мердігер компания таң атқанша қалпына келтірді. Шаһардың шеткері аудандарында тұратын ондаған үй мен аулаларға су кірді. Жауаптылар тасқыннан зардап шеккендер көмексіз қалмайды деп уәде берді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қарғын су облыстың он екі ауданын түгел әуреге салып жатыр. Соңғы екі тәулікте жауған жаңбыр мен қар жағдайды одан әрі қиындатып жіберді. Синоптиктер алдағы екі тәулікте ауа температурасы нөлден төмендейді деп болжап отыр. Яғни, тасқының беті қайтуы тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу