Ұлыбританияда электр энергиясы бірнеше есе қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда электр энергиясы бірнеше есе қымбаттады

30.03.2022

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың кесірінен Ұлыбританияда электр энергиясы бірнеше есеге қымбаттап кетті. Халықтың әл-ауқаты әлсіреді, дағдарысқа төтеп беру оңай болмайды деп мәлімдеді елдің бас қаржы институты. Қазір бізбен байланысқа Лондондағы тілішіміз қосылады. 

Марина Бекенова, тілші:
Пандемия және Украинадағы әскери қақтығыс Ұлыбритания экономикасына кері әсерін тигізбей қоймады. Соңғы рет мұндай жағдай өткен ғасырдың 70-ші жылдары тіркеліп, бірнеше жылға созылған екен. Инфляцияның тез арада шарықтауы ақпан айында байқалып, 6,2 пайызға өсті. Бұл Англия банкі болжағаннан 3 есеге көп және соңғы 40 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында инфляция 8 пайызға артып, ал жылдың соңына қарай тағы көтерілуі ықтимал. 
 Эндрю Бейли, Англия банкінің басшысы:
Инфляция деңгейінің Ресей мен Украина қақтығысына дейін де өскені белгілі. Мына жағдайдан кейін энергия тасымалдаушы компаниялар бағаны шарықтатып жіберді. Ұлыбританиядағы тауарлар мен қызмет құны жылдың соңына таман 10 пайызға қымбаттауы мүмкін. 

Елдің бас қаржы институты пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр. Қазір ол 0,75 пайызға жетті. Экономикалық өсімге әсер етіп, қымбатшылық қыспасын деп банктегілер осындай қадамға барды. Дейтұрғанмен, дағдарысқа төтеп беру оңай болмай тұр, өйткені күнкөріс деңгейі төмендеген халық қаражатын барынша үнемдеуге тырысып жатыр. Ал бұл өз кезегінде экономикалық тоқырауға әкеледі дейді мамандар. Сарапшылардың пікірінше, банк пайыздық мөлшерлемені мамыр айында 1 пайызға дейін, ал жылдың соңына таман 2 пайызға дейін көбейтеді деп болжап отыр.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу