Елордада қатты соққан боран тұрғындарды әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада қатты соққан боран тұрғындарды әбігерге салды

30.03.2022

Елордада да қатты соққан боран жергілікті тұрғындарды біраз әбігерге салды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар министрлігінде жедел штаб құрылды.

Дарын Сағитов, тілші: 
Ауа райының қолайсыздығына байланысты елордада кеше кешкі сағат жетілерде дабылды ескерту жарияланды. Жойқын жел мен көктайғақ салдарынан қала іргесіндегі ауылдарға автобустардың қатынасы уақытша тоқтап қалды. Жолдарда қалың кептеліс пайда болды. «Қазмедиа» орталығында орналасқан барлық республикалық телеарналарға жұмысын тоқтатуға тура келді. Себебі, қатты желдің салдарынан шамамен сағат 8 жарымдар шамасында орталықтың паркингінде трансформатор жанған. Қызметкерлер дереу қауіпсіз жерге шығарылды. Адамдар аман. Сағат 21:12-де өрт толығымен сөндірілді. Сондай-ақ, кеше бас қаладағы ауруханалардың травматологиялық бөлімдеріне 10 адам түрлі жарақатпен түсіп, дәрігер көмегіне жүгінді. Қазір ұйытқыған боран сәл басылғанымен, таңертең колледждегі бірінші ауысым студенттері үшін оқу онлайн форматқа көшірілді. Синоптиктер боран кешке қарай басылады деп болжам жасап отыр. Елордада құрылған жедел штаб жұмысы қызған. Мамандардың айтуынша, кешелі бері шақырту күрт көбейген.
Елдор Райымбеков, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ТЖД басқарма басшысы: 
Жалпы елімізде құтқару бөлімшелері, елордада, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарында бір тәулікте қар құрсауынан 814 адам, оның ішінде 101 бала мен 3 жүкті әйел құтқарылды.


Хабарламаларға жазылу